Қызылордада төтеншеліктер дәстүрлі тал егу шарасын өткізді (ФОТО) – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада төтеншеліктер дәстүрлі тал егу шарасын өткізді (ФОТО)

23.04.2020, 16:20

940 0

Kyzylorda-news.kz. Жерге тіккен жас шыбық тамырын жайып, мәуелі бәйтерекке айналар осы бір шуақты сәт көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге таптырмайтын мезгіл саналады. Мамыражай мезгілдің ерекшелігін ерте түйсінген ата-бабамыз атыз-арықты қоқыстан тазартып, тал-терек егіп мәре-сәре болысқан.

Атадан қалған осынау игі бастаманы жалғастырған Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы жыл сайын көктем мезгілінде тал егуді дәстүрге айналдырған.

Бұл жылы да арнайы алынған 150 түп көшет өрт сөндіру бөлімдер мен департамент ғимаратының көшелеріне егілді.

 «Тал егу акциясы – сауапты іс». Әрі жайқалған әрбір ағаш бейбітшілік нышаны, сондай-ақ, табиғаттың нәзіктілігі екенін естен шығармауымыз керек», – деді департамент бастығы азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов.

«Бүгінгі егілген әрбір көшет тамыр тартынына сенімдіміз, себебі әрдайым көмекке ділгір құтқарушы өрт сөндірушілердің риясыз көңілімен отырғызылды. Осындай игі бастаманы шаһардың әрбір тұрғыны атсалысса жасыл желектің көркіне күмән келтірер жан болмас еді», – деді Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің маманы Әлия Ережепова.