Қызылордада төтенше жағдай режимін бұзған 4 кафе иесі жауапқа тартылды (ФОТО) – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада төтенше жағдай режимін бұзған 4 кафе иесі жауапқа тартылды (ФОТО)

19.03.2020, 10:40

2151 0

Kyzylorda-news.kz. Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты қоғамдық орындардың қызметіне бірқатар шектеулер енгізілгені мәлім. Осыған орай, Қызылорда облысы Полиция департаменті қызметкерлерінен мобильді топ құрылып, олармен жүргізілген түнгі рейд барысында облыстың 100-ге жуық кафе-мейрамханалары тексерілді.

Тексеру барысында 4 кафе иесі енгізілген төтенше жағдай режиміне қарамастан өз жұмысын жалғастырғаны анықталды. 2 дерек облыс орталығында анықталса, 2 дерек Қазалы ауданында орын алды.

Аталған мекемелердің әкімшілігіне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476 бабымен (төтенше жағдай режимін бұзу) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Тиісті шара қолдану үшін жинақталған құжаттар сотқа жолданды.

«Ірі сауда нысандарына олардың жұмыс істеу уақыты бойынша 10.00-ден 18.00-ге дейін, киім-кешек базарлары үшін 11.00-ден 17.00-ге дейін шектеу енгізілді. Дәмхана мен мейрамханаларға келушілердің саны 50 адамнан аспауы тиіс және қабылдау уақыты 22.00-ге дейін ғана жалғасады. Аталған шектеулерді орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша (төтенше жағдай режимін бұзу) 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке қамау түрінде жаза көзделген. Билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін тәртіп бұзушыларға ҚР ҚК 379-бабы бойынша 2000 АЕК көлемінде айыппұл немесе екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады», – деп мәлімдеді біздің ақпарат агенттігіне Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Осы ретте, Қызылорда облысының Полиция департаменті құқық қорғау органдарының іс- әрекеттеріне түсіністікпен қарауды және төтенше жағдай кезінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз етуге байланысты қажетті шектеулерге назар аударуды сұрайды. Төтенше жағдай режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатындағы жұмыстар жалғасуда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елімізде төтенше жағдай режимін жариялануына байланысты Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген тәртібіне ауыстырылды.