Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/1 мекемесінде бас бостандығынан айырылғандар арасында кітап оқитындардың саны артып келеді.

Осыған байланысты кітапхана қызметкері Айдос Әбдіқалықов кітап қорын арттыру мақсатында жан-жақты жұмыс жасауда. Алғашқыда мекеме кітапханасында 2000-ға жуық кітап бар болатын. Оның көпшілігі орыс тілінде жазылған шығармалар жинағы. Сол уақыттан бері, бір жылдан астам уақытта кітап қоры 4 200-ге жетті.

Айта кетейік, мекемеге келген кітаптарды алдымен теологтар мен РжКБ-нің қызметкерлері тексерістен өткізеді. Тексеру барысында әкелінген кітаптар арасынан радикалдық бағыттағы және шытырман оқиғалы туындылар мен мекеме ішіне алып өтуге тыйым салынған заттар анықталған жоқ.

«Мекеме қамауындағылардың дені қазақ тілді азаматтар. Сондықтан қазақ тілінде жазылған көркем әдебиеттер санын артыру үшін, өзге кітапханалар мен жеке кітап қоры бар азаматтарды іздеп тауып, олардың келісімімен кітапхана қорын көбейтуді қолға алдым. Ағымдағы жылдың басында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры мен кітап қорын өңдеу және толықтыру  бөлімінің кітапханашысы қолдауымен кітапхана қорын 150 кітапқа толықтырдым. Ал жақында ғана қаламыздағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасынан 300-ге жуық кітап әкелдім. Оның ішіндегі 93-і қазақ тіліндегі құнды дүниелер», – деді кітапханашы Айдос Әбдіқалықов.

Шаруашылық бөліміне қалдырылған О. есімді сотталған күнделікті жұмыстарын аяқтап болған соң, мекеме кітапханасына жиі барып тұрады. Екі жыл ішінде 57 кітап оқып шығыпты. Соның ішінде жыл басынан бері оқыған 13 кітаптың барлығы көркем шығармалар екен.

«Менің соңғы оқыған кітабым – Тұрақ Адисұлының төрт бөлімнен тұратын «Жеңіс сарбазы» атты шығармасы. Кітапта Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес сарбаздарының ерлігі мен адамгершілік қасиеттері баяндалады. Жалпы кітаптың өн бойынан туған жер, адам өмірінің мән-мағынасы адалдық, парасаттылықты айқын аңғаруға болады. Сондай-ақ уақыттың, заманның ағымы жайлы, бүгінгі күннің аянышты көріністері, келешегімізді кемелдендіру жайлы айтылар әңгімелер де жетерлік», – дейді ол.

Орамды ой, салмақты сөз қозғаған жазаланушының бұл мәлімдемесіне қарап, кітап оқи отырып, оның рухани дүниесінің өскендігін байқауға болады. Яғни, мекеменің тәрбие бөлімі мен кітапханашының сотталғандарды қоғамға қайта қалыптастырып, дұрыс көзқарасқа бағыттау бойынша атқарылған шарасының зая кетпегені анық.

Тағы да оқыңыз: