Kyzylorda-news.kz. Қызылордада қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті. Олар отан үшін кеуделерін от пен оққа тосқан майдангерлердің үйлеріне арнайы барып құттықтады.

Қызылорда облыстық ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/1 мекемесінің қызметкерлері тыл ардагері Ануза Елекеваны Жеңіс күнімен құттықтап, сый-сыяпаттарын табыстады.

Ануза апай аталған мекеме қызметкерлеріне осы бақытты өміріне тек адал еңбекпен жеткендігін айтып, сұрапыл соғыс жылдарындағы тартқан тауқыметі жайлы толғана сыр шертті.

Соғыс басталғанда не бәрі 17 жаста болған қара қыз тыл еңбегінің ауыр жүгін арқаласа да, ұрпағының бүгінгі бақытты сәті үшін көрген мехнатына еш өкінбейтіндігін айтты.

Сондай-ақ, ЗК-169/5 мекемесінің қызметкерлері Ұлы ОТан соғысының ардагері Әбдірахман Бәйтіков ақсақалдың шаңырағында болып, мерекесімен құттықтады.

Қарт жауынгер 1942 жылы Курск шайқасына қатысып, қан майданның сұмдық көріністеріне куә болады. 1943 жылы қолынан ауыр жараланып, елге оралған.

95 жасқа келген абыз ақсақалдың әсерлі әңгімелерін тыңдап, батасын алған мекеме қызметкерлері ардагерге тек бейбіт күннің куәгері болып жүре беруін тілеп қайтты.

Тағы да оқыңыз: