Қызылордада қалалық жастар мәслихатына кандидаттардың сайлауы өтіп жатыр (ФОТО) – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада қалалық жастар мәслихатына кандидаттардың сайлауы өтіп жатыр (ФОТО)

20.02.2020, 15:00

1591 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылордада қалалық жастар мәслихатына кандидаттардың сайлауы өтіп жатыр. Таңертеңгі сағат 09:00-де басталған сайлау кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасып, онда қаладағы 21 оқу орнының үздіктері дауыс беру арқылы анықталып, жеңімпаздар аталған мәслихат депутаттығының мандатын иеленетін болады.

Естеріңізде болса, былтыр аймақта жастар саясатын тиімді жүзеге асыру, облыстың әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыруда жастардың пікірі мен сөз еркіндігін ескеру мақсатында Жастар ресурстық орталығының бастамасы, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қолдауымен жастар мәслихатын құру қолға алынған болатын.

Міне, бүгін қаладағы жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы арнайы құрылған округтерде қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер кезекті сайлауға түсуде.

Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстековтің айтуынша, сайлау нәтижесі бойынша сайланған депутаттарға арнайы мандат табысталады. Ал, депутаттыққа 18-29 жас аралығында жастар сайланып, мәслихатта 2 жыл өкілеттілікке ие болады.

«Біздің мақсатымыз – Жастар мәслихатын құру арқылы жастар арасындағы өзекті мәселелер мен олардың ұсыныстарын талқылап, оның шешу механизмдерін табу, депутаттық сауал арқылы жастардың мәселелерін тиісті мекемелерге жеткізу. Сайланған жастардың арасынан шыққан үздік жастарды болашақ кадр ретінде тәрбиелеу», – дейді орталық директоры.

Біз алғаш болып бас сұққан М. Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжде сайлау науқаны қызу жүріп жатыр екен. Бұл колледждің атынан 7 кандидат тіркеліпті. Дауыс беруші студенттердің де қарасы қалың, белсенділігі жоғары.

Жолбасшымыз Бауыржан Қайырбекұлы бұл оқу орнында нақты мысалдар келтіре отырып, Жастар мәслихатының маңыздылығы мен сайлау процесінің жұмысымен таныстырды.

Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков

«Сіздер келіп отырған Мәншүк Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінен 7 кандидат депутаттыққа түсіп отыр. Соның ішінен көп дауыс жинаған 1 ғана үміткер осы оқу орының атынан қалалық жастар мәслихатының депутаты болып сайланады. Қазіргі таңда қаладағы 21 оқу орнында бір мезгілде кандидаттарға дауыс беру өтіп жатыр. Осы 21 оқу орнынан қалалық жастар мәслихатының 21 депутаты сайланады. Сондай-ақ, мәслихатқа білім, спорт, мәдениет секілді 6 саладан 6 депутат сайланатын болады. Осылайша қалалық жастар мәслихатының құрамы жасақталады. Содан соң, мәслихаттың бірінші сессиясы өтіп, онда хатшысы мен комиссия төрағаларын сайлайтын боламыз. Сонымен қатар, 7 ауданда да сайлау өтіп, депуттатар анықталады. Ал, келесі жылы облыстық жастар мәслихатын құруға дайындалып жатырмыз. Бүгін сайланған депутаттардың арасынан үздіктерді, аудандардың көшбасшы өкілдерін сол облыстық мәслихатқа ұсынатын боламыз», – дейді Б. Мәстеков.

Бауыржан Қайырбекұлының мәлімдеуінше, депутат мандатын алған жастар облысымыздың жастары арасындағы мәселелерді көтеріп, қала бойынша маңызды әртүрлі рейдтерге шығады. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың сессияларына қатысуға мүмкіндік алады. Аталған мәслихаттардағы аға-апаларымен бірге жұмыс жасап, тәжірибе жинайтын болады.

М. Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледждегі дауыс берушілер

М. Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледждің атынан депутаттыққа үміткер, Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің 3 курс студенті Ақерке Жұмабайдың айтуынша, бұл сайлау – жастарға, олардың өз мәселелерін ашық айтуға беріліп отырған зор мүмкіндік.

М. Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледждің атынан депутаттыққа үміткер Ақерке Жұмабай

«Осы жылы «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының жанынан құрылған жастар мәслихаттығының депутаттығына өзімді кандидат ретінде ұсынып отырмын. Себебі, бүгінгі жастарға не қажет екендігін, олардың қандай мәселелері бар екендігін жастардың өзіне көбірек таныс деп ойлаймын. Өзімнің бағдарламамда қазіргі таңда жастарды не алаңдататынын, бізге нақты қандай қолдау керек, жастар неге мұқтаж екендігін ашып көрсеттім. Мысалы, биылғы Еріктілер жылын пайдалана отырып, облыс жастарын осы іске тарту тетіктерін ұсынып, оларға тынығу орталықтарын ашуды көтермекпін», – дейді қалалық жастар мәслихатына кандидат А. Жұмабай.

Ал, осы оқу орнының Дене тәрбиесі және туризм бөлімінің 3 курс студенті Ринат Сәрсенбай Қызылорда облысында әлі қолға алынбаған спорт түрлерін дамытқысы келетіндігін айтады.

М. Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледждің атынан депутаттыққа үміткер Ринат Сәрсенбай

«Қалалық жастар мәслихатының депутаттығына өзімді ұсынғандағы басты мақсатым – елімізде жастар саясатының дамуына үлес қосқым келеді. Облысымыздағы студенттер мен оқытушылардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастың жоғары дәрежеде дамуына, олардың басындағы мәселелердің оң шешімін табуына атсалыспақпын. Мәселен, менің замандастарым қоғамда адамдармен ашылып сөйлесе алмайды. Менің «Stend up» атты сайлау алды бағдарламам арқылы жастарға соны үйретпекпін. Сондай-ақ, Қазақстанда әлі қолға алынбаған спорт түрлерін жастар арасында дамытуды қолға аламын. Мен елімізде енді-енді қолға алынып жатқан «Панна» деген спорт түрімен айналысамын. Соны өзіміздің Сыр өңіріне әкеліп, жүзеге асырғым келеді. Қалалық мәслихатқа депутат болып сайлансам, осы бағыттарда жұмыс атқаратын боламын», – дейді Ринат Сәрсенбай бізбен әңгімесінде.

Біз келесі болып аялдаған «Ақмешіт» гуманитарлық институтында да сайлау жұмысы қарқынды жүріп жатыр екен. Мұнда 5 кандидат тіркеліпті. Барлық кандидат та алдын ала сайлау алды бағдарламасын ұсынып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.

«Ақмешіт» гуманитарлық институтындағы сайлау жұмысы

Ал, сол жағалаудағы ғимараты еңселі «Болашақ» университетінен 2 ғана кандидат тіркеліпті. Мұндағы №2 сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, түскен дейін 350-ге жуық сайлаушы студенттер дауыс беріп үлгеріпті. Бұл оқу орнындағы колледжде де сайлау процесі қызу жүріп жатқан көрінеді.

«Болашақ» университетіндегі дауыс беруші студент

Жалпы, қалалық жастар мәслихатына кандидаттардың сайлауы ашық әрі барлық заң талаптарын сақтай отырып жүргізіліп жатқанына куә болдық.

«Сайлау ашық, әділ түрде, ал дауыс беру жасырын түрде өткізіледі. Комиссия құрамы мен байқаушылар тобы алдын-ала жасақталған. Кешкі сағат 18:00-де дауыс беру аяқталған соң, жәшіктерді ашып, бюллетеньдерді санаймыз. Дауыс санау процесі бейнежазбаға түсіріледі. Жарамды, жарамсызының бәрі есепке алынатын болады. Сосын хаттамаларын Облыстық сайлау комиссиясына ұсынамыз. Яғни, бір сөзбен айтқанда, бүгінгі сайлау жұмысы Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы заңының» барлық талаптарына сәйкес жүргізіледі», – дейді Б. Қыдырғалиұлы.

Айта кетейік, бүгінгі қалалық жастар мәслихатына кандидаттардың сайлауының нақты қорытындысы ертең белгілі болады.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ