Kyzylorda-news.kz. Ұлы ақын Абайдың туған күніне орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен «Сыр үміті» жастар қауымдастығы поэзия кешін ұйымдастырды.

Шара Қызылорда қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектепте өтті. Поэзия кешінде қатысушылар кемеңгер тұлғаның лирикаға толы жыр-шумақтарын мәнерлеп оқып, ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

«Поэзия кешінде шоқтығы биік ақынның өлеңдері оқылып, артында қалдырған рухани бай мұралары сөз болды. Жастардың Абайды тұлға ретінде танып білуі мақсатында ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтті. Әрбір жас буын келешегінің кемел болуын қаласа, алдымен Абайды оқуы керек деп ойлаймын»,-деді тәрбие жұмыстары және жастар саясаты бөлімінің әдіскері Насихат Смайыл.

Рухани азық болар кеште ақынның «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Домбыраға қол соқпа», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» сынды өлеңдері нақышына келтіріліп орындалды. Сонымен қатар, жас бүлдіршіндер де Абай өлеңдерін жарыса жатқа оқыды.

Тағы да оқыңыз: