Kyzylorda-news.kz. Еліміздің ең басты саяси күшіне айналған партияның құрылған күніне орай, «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалында салтанатты жиын болып өтті.

Партия күніне арналған шараны облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ашып, партияластарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Баршамыз ортақ іске жұмылған жұдырықтай кіріскенде ғана қуатты, демократиялы әрі бәсекеге қабілетті, жаңаша жаңғырған Қазақстанның жарқын болашағын жасай аламыз. Бірлігіміз бен барымызды бағалау арқылы берекеге қол жеткіземіз. Ынтымағымыз арқылы ғана ырысымыз артатынын ешқашан ұмытпауымыз қажет. Сондықтан біз алдағы уақыттарда да елдік биік мақсат пен халықтың игілігі жолында аянбай еңбек етіп, отанымыздың күш-қуатын еселей түсуге тиіспіз. Еліміз бен қазақылықтың қайнар мекені Сыр өңірінің өсіп өркендеуіне әрбіріңіздің лайықты үлес қосатындарыңызға сенім мол»-деді филиал төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиын барысында партия қатары азаматтық қоғам, білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, мәдениет пен спорт саласының өкілдерімен толықты.

Сондай-ақ, партияның мақсаттары мен міндеттерін орындауда белсенділік танытқан бірқатар партия мүшелері «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен және партия төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің «Құрмет грамотасымен» марапатталады.

Тағы да оқыңыз: