Қызылордада онлайн қаралған тәртіптік істе екі шенеунік жазаланды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада онлайн қаралған тәртіптік істе екі шенеунік жазаланды

28.04.2020, 12:20

1305 0

Kyzylorda-news.kz. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі онлайн өткізілді.

Онлайн форматта өткізілген Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында 2 лауазымды тұлғаның тәртіптік істері қаралды.

Алдымен облыстық прокуратураның ұсынысы негізінде Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының тәртіптік ісі талқыланды.

Басқарма басшысының орынбасары мемлекеттік сатып алу конкурсының төрағасы ретінде медициналық жабдықтарды сатып алу барысында заңды тұлғаға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетіп, мемлекет қаржысын негізсіз жұмсауға әкеп соқтырған.

Тәртіптік істі қараған Кеңес мүшелері, бірауыздан, мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін басқарма басшысының орынбасарына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасын қолдануды ұсынды.

Күн тәртібіне сәйкес келесі кезекте Қазалы ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының іс-әрекеті әдеп таразысына түсті.

Бөлім басшысы азаматтармен қарым-қатынас кезінде сыпайылық пен әдептілік сақтамай, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болған.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері аталған істі жан-жақты қарап, басым көпшілік дауыспен Қазалы ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысына қатысты «ескерту» тәртіптік жазасын қолдану туралы шешім шығарды.