Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тестілеу пунктінде кемінде 2 метр радиуста әлеуметтік қашықтықты ескере отырып 48 тест тапсыру аудиториялары дайындалды. Мектеп аумағында және ғимарат ішінде үміткерлердің қауіпсіз қозғалысы үшін еденде арнайы бөлу белгілері орнатылған.

Мектепке үміткерлер ата-аналарысыз кіреді. Кіре беріс аумағында топтасып, кептеліс тудырмау үшін мектеп территориясында төрт өткізу пункті жұмыс істейтін болады.

Үміткерлер ғимарат ішіне тек бетпердемен жіберіледі. Әр қатысушы аяқкиім табандарын және қолдарын дезинфекциялап, байланыссыз термометриядан өтуі керек.
Тіркеу орнында үміткерлер масканы шешіп, оны арнайы қарастырылған контейнерге тастап, сәйкестендіруден өткен соң жаңа маска киіп, қолды антисептикпен қайта өндеуі тиіс.

Дәліздегі және аудитория кезекшілері үміткерді аудиторияға жеткізеді. Тестілеу бастамас бұрын емтихан тапсыру, жауап парақтарын толтыру және тапсырманы орындау ережелері бойынша нұсқаулық жүргізіледі.

Конкурстық іріктеуге қатысатын барлық жауапты мектеп қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Мектеп ғимаратына антисептик сепкіштері қарастырылған. Сынақ басында және аяқталған соң бөлмелерді үнемі желдету, дезинфекциялық заттарды пайдалана отырып тазалау жұмыстары жүргізіліп, әр күннің соңында кварц жасалады.

Айта кету керек, термометрия нәтижесі бойынша жоғары дене температурасы анықталған үміткерлер алгоритмге сәйкес қосымша медициналық тексеруге жіберіліп, қажет болған жағдайда бөлек резервті аудиторияға тест тапсыруға орналастырылады.

Сондай-ақ, карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты ата-аналарды түсіністікпен қарап, мектеп жанында жаппай кептеліс тудырмауға және әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін қатаң сақтауға шақырамыз. Балаларды мектепке алып келген соң, мүмкіндігінше үйге қайтуға кеңес береміз. Емтихан процесін ата-аналар YouTube арнасында онлайн режімінде көруге болатынын естеріңізге саламыз.

Тағы да оқыңыз: