Kyzylorda-news.kz. Биылдан бастап мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту құралдары мен қызметтерін әлеуметтік қызметтер порталынан өз таңдаулары арқылы алуда. Бүгінгі күнде облыс бойынша 22 369 әлеуметтік оңалтуды қажет ететіндердің 82,8 пайызы әлеуметтік оңалту шараларын алды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева баяндады.

«Ағымдағы жылы 23 кохлеарлы импланты бар мүгедектігі бар адамға сөйлеу процессорларын ауыстыру және реттеу қызметін көрсету үшін 115,1 млн.теңге қаралды. Биылғы жылдан бастап Басқармаға қарасты Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы жанынан 20 орынға арналған тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту орталығы өз жұмысын бастады. Сонымен қатар, өңірімізде 2017 жылдан бастап ерекше қажеттілігі бар балаларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Иппотерапиямен оңалту шаралары жүргізілуде» – , деді Айгүл Болатқызы.

Биылғы жылдың 1 қазанында 1132 мүгедектігі бар балаға 48,3 млн.теңгеге материалдық көмек төленді.

Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз кіруіне жағдай жасау жұмыстарына, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен Қызылорда облысы көлемінде 2021-2025 жылдарға 1294 инфрақұрылым объектілерін бейімдеуден өткізу жоспары белгіленді. Жоспарға сәйкес 2021 жылға 258 нысанды толық бейімдеу жұмыстары көзделген. Қазіргі таңда 258 әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің барлығына толық бейімдеу жүргізіліп, республикалық «Қолжетімділіктің интерактивті картасына» енгізілді. Сондай-ақ, облыста бірнеше рет қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, бюджеттен тыс көздерден көмекке мұқтаж халықтың әлжуаз топтарынан шыққан 8143 адамға, оның ішінде 1000 нан астамы мүгедектігі бар адамдарға 124,1 млн.теңгеге қайырымдылық көмектер көрсетілді. 50 отбасы тұрғын-үймен қамтамасыз етілді. Мұндай қайырымдылық шаралар жалғасын табуда, – деді басқарма басшысының орынбасары Айгүл Ибраева.

Айта кетейік, бүгінде облыста мүгедектігі бар адамдар саны 30921 болса, оның 5455-і балалар. Естуі бойынша мүгедектер – 330, көз мүгедектері – 831, кресло-арбаның көмегімен қозғалатындар – 1418 адам.

Тағы да оқыңыз: