Kyzylorda-news.kz. Биыл ҚР Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 30 жыл. Атаулы датаға орай аймақта жыл көлемінде 300-ге жуық әртүрлі форматтағы іс шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, барлық аудандарда Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде өткізілмек.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов БАҚ өкілдеріне облыста өткізілетін негізгі шаралар тізбесін баяндады.

Облыста ҚР Мемлекеттік рәміздер күнін тиісті ұйымдастыру жұмыстары мамыр айынан бастау алған болатын. Атап айтқанда, елді мекендерде, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда, ірі сауда орталықтарында тақырыптық безендіру жұмыстары жүргізілді. Ал 2-ші маусымнан бастап әрбір сала бойынша елге танымал, беделді тұлғалардың қатысуымен «Менің туым – менің мақтанышым!» республикалық интернет кампаниясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, барлық елді мекендердегі Рәміздер аллеялары мен алаңдарында тұрғындар мен еріктілердің қатысуымен сенбіліктер өтті. Бүгінгі күні облыс көлемінде әртүрлі форматтағы 45 шара ұйымдастырылды. Ал 3-4 маусым күндері 100-ден астам іс шара өткізіледі деп жоспарлануда. Байқоңыр қаласында жалпыхалықтық «Менің Туым- Менің Отаным» атты патриоттық шеру болды. Патриоттық шара барысы «Қазғарыш» сапары ғимаратынан басталып, «Арбат» аллеясына дейін жалғасты. Жалпы аудандар бойынша білім беру ұйымдарында ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, балаларға арналған жазғы лагерьлерде Елтаңба авторы, жерлесіміз Жандарбек Мәлібековтың еңбектерін кеңінен насихаттауға бағыттылған шараларды өткізуді жоспарлаудамыз. Ерекше тоқтала кетейін, еліміздің Елтаңба авторларының бірі жерлесіміз, танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков биыл мерейлі 80 жасқа толды. Ендігі кезекте облыс орталығында 4 маусым күні өтетін шаралар тізбесін баяндасам, «Рәміздер алаңында» аймақ басшысының қатысуымен мерекелік шара өтеді. Шара аясында 20-дан астам жеңіл көліктер, 10 мото, 200-ден астам вело шабандоздардың қатысуымен «АВТО, МОТО, ВЕЛОШЕРУ» ұйымдастырылады. Осы күні республика көлемінде ҚР Мемлекеттік Гимнін орындау патриоттық акциясы өтеді. Бұл акция аясында бір мезгілде барлық ұжымдарда, кәсіпорындарда, ірі сауда орталықтарында Мемлекеттік Гимн орындалады. Сондай-ақ, «Туымыз төрімізде» республикалық акциясы шеңберінде қаланың орталық көшелері мен мөлтек аудандарда арнайы шара өткізу жоспарлануда. Осы ретте барлық облыс тұрғындарын осы патриоттық акцияға белсенді қатысуға шақырамын! Көк туымызды төрімізге шығарып, мәртебесін арттыру баршамызға ортақ парыз, – деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов.

Айта кетейік, Рәміздер күніне арналған шаралар легі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттандырылатын болады.

Тағы да оқыңыз: