Kyzylorda-news.kz. Сот үкімімен белгіленген мәжбүрлі еңбекті орындамаған азамат бас бостандығынан айырылып қамауға алынды.

Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебіндегі сотталған ҚР ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, сот үкімімен оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Жаза өтеуінің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбек тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген.

Мәжбүрлі еңбекті атқару үшін азаматқа Жосалы кенті әкімінің өкімі шығарылып, оған өкім таныстырылған. Сотталған азамат 2020 жылы 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекті орындағанымен, 2021 жылы мәжбүрлі еңбекті орындаудан бас тартқан. Пробация қызметі сот үкімімен белгіленген мәжбүрлі еңбекті атқаруын тексеру барысында кінәлінің мәжбүрлі еңбекке мүлдем шықпағандығы анықталып, ол жөнінде түсінік алынып, ескерту берілді.  Берілген ескертуге де құлақ аспаған азаматтың жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру үшін пробация қызметкерлері сотқа ұсыныс жолдады.

Қармақшы аудандық сотының қаулысымен аталған азаматтың жазасының өтелмеген бөлігі 1 жыл 11 ай  мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, мәжбүрлі еңбекке тарту Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 44-бабы 1-бөлігінде көрсетілгендей бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған сотталғандарға қолданылады. Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады және күніне төрт сағаттан асырылмай өтеледі.

Тағы да оқыңыз: