Kyzylorda-news.kz. Жаңбыр жауып, жел тұрса, Қызылордада жарық жалп етіп сөнеді. Әсіресе, Байқоңыр қаласына іргелес орналасқан Төретам мен Ақай ауылының тұрғындары электр жарығының жиі өшетініне көп шағымданады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар оны қосалқы станциялар мен энергия таратушы желілердің тозығы жетуімен түсіндіреді. Осы ретте аймақ бойынша электр тораптарын қайта жаңғыртудың 3 жобасы жүріп жатыр. «Жосалы» қосалқы станциясы 50 мыңнан астам тұрғынды электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған маңызды нысан. Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген торапқа «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қуаттылығы жоғары трансформаторлар әкелінді. Ақай мен Төретамда да күрмеулі мәселе шешімін тапты. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынып, Ресейдің меншігінде болып келген қуат таратушы станциялар облыс меншігіне алынды. 33 трансформатор орнатылып, 96 шақырым оқшауланған сым желісі тартылды. Сондай-ақ үйлерге жаңа есептегіш құралдары қойылып, байланыс және автоматты басқару жүйесі жаңартылды. Кезекші мамандар үшін жаңа ғимарат бой көтерді. Электр тораптарын жаңғыртып қана қоймай, қуаттылығын ұлғайту жобасының іске асуымен энергия тұтынудың сапасы мен қауіпсіздігі арта түспек. Мамандардың айтуынша, заманауи технологиялар есебінен электр тоғының ысырабын азайтуға да болады.

“4 мыңдық бір ғана трансформатор болса, қазір екі 6300-дік қойдық. Өйткені Төретам, Ақай елді мекені дамып келе жатыр. Қосалқы станцияның электр қондырғыларын автоматтандыру жұмыстары, қорғаныс құралдарының барлығы жаңа технология бойынша салынды. микропроцессорлық қорғаныс құралдары қойылды”, – электр тарату тораптары мекемесінің басқарма төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев.

“Ол жұмыстардың барлығы осы желтоқсанда аяқталады. Нәтижесінде Қармақшы ауданының Төретам, Ақай елді мекеніндегі электр энергиясының тұтынушылары сапалы, үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Келесі жылдары да Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың аясында электр нысандарын жаңартуға жұмыс жасаймыз”, – облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов.

Тағы да оқыңыз: