Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік Кеңес отырысы өтті.

Жиынға әкім орынбасарлары, салалық басқарма басшылары мен бірқатар кәсіпорын басшылары қатысты.

Жиында екі мәселе қаралды. Алғашқысы – заманауи талаптарға сәйкес «Ибис» халықаралық брендімен Қызылорда қаласында қонақ үй құрылысының жобасын талқылау. Алдағы уақытта Қызылорда қаласында “Өрлеу” құрылыс компаниясы ірі “Аccor” қонақ үй операторының халықаралық стандарттына сәйкес Ibis қонақ үйін салу жоспарлануда.

Ibis қонақ үйі желісі – француздық Accor қонақ үй корпорациясының қатарына кіреді. Ірі қонақ үйі кешенінің Нұр-сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Семей, Қарағандыда, сондай-ақ, Азияда, Африкада, Еуропа мен Латын Америкасында 700-ден астам желісі бар. Жиында «Өрлеу» құрылыс компаниясының директоры Данил Годзин қонақ үй салу жобасын таныстырып, сервистік қызметтің ерекшеліктерін атап өтті. Сондай-ақ, қонақ үй салу бағытында озық тәжірибені қолдану арқылы сапа стандарттары негізінде жұмыстың үйлесетінін жеткізді.

Облыс әкімі заманауи үлгідегі қонақ үй кешенін салу мәселесі өзекті екенін алға тартып, сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, қонақ үй салу жобасын іске асыру үшін облыстық жер қатынастары басқармасы мен қала әкімдігі және “Байқоңыр” ӘКК” АҚ-мен бірлесіп жер учаскесін бөлуді және тиісті компания басшысына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды. Ал, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы нысан құрылысына рұқсат алу мәселесін пысықтауды міндетті. Отырыста Қызылорда қаласында арнайы экономикалық аймақ құру жобасы талқыланды. Өткен жылдан бастап «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» қабылданып, жүзеге асырылуда. Аймақ басшысы нарық қажеттілігіне қарай жобалар санын ұлғайтуға ерекше басымдық берілгенін атап өтті.- Биыл жобалар санын 265-тен 404-ке дейін ұлғайттық. Қазірдің өзінде жалпы құны шамамен 9 млрд теңгенің 115 жобасы іске асырылып, 1,3 мың жұмыс орны құрылды.

«Іске қосылған жобалардың ішінде 40 жоба азық-түлік өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорындар болып табылады. 5 жылдан кейін аталған жобалар облыстың 60% қажеттілігін қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл ретте жаңа жобаларды қолдау және орналастыру мақсатында арнайы экономикалық аймақ құру ұсынылады. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша Үкіметпен алдын-ала келісім бар», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев арнайы экономикалық аймақ құру тәртібі мен негізгі алгоритмдерді баяндады. Арнайы экономикалық аймақ құрудың негізгі мақсаты – тамақ өнеркәсібі саласын дамыту, жаңа технологияларды қолданатын жаңа өндіріс орындарын ашу, ішкі нарықтың тамақ өнеркәсібіне сұранысын қанағаттандыру және өнімдерді экспортқа шығару. Бұл ретте мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы орган, заңды тұлғалар тұжырымдама ұсына отырып, уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізеді. Басты тиімділігі мүдделі тараптарға бірқатар жеңілдіктер беріледі. Мәселен, аймақ аумағында толық тұтынылатын тауарларға қосылған құн салығынан босатып, жерді жалға алу үшін салық пен төлемдерден, мүлік салығынан және корпоративтік табыс салығынан босатуға мүкіндік алады.

Басқарма басшысы Ринат Султангереев арнайы экономикалық аймақты бұрынғы “тоқыма емес материалдар фабрикасының” базасында орналастыру тиімді екенін атап өтті. Себебі өнеркәсіптік базаға барлық қажетті инфрақұрылым тартылған.

Айта кетейік, биылғы жылы арнайы экономикалық аймақ құру бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Болжам бойынша аймақ 2022 жылы ашылып өз қызметін бастап, заңнамаға сәйкес 25 жылға құрылады. Бұл ретте жұмысты үйлестіру үшін іс-шаралар жоспары бекітіледі. Гүлшара Әбдіқалықова арнайы экономикалық аймақ құру облыстың азық-түлік саласының дамуына жаңа серпін беріп, өңір экономикасына оң әсерін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ, ортақ мәселелердің шешілуі мүдделі мекемелер мен кәсіпкерлердің нәтижелі жұмыс жасауына байланысты екенін қаперге салды.

Жиын соңында облыс әкімі бірқатар басқармалардың басшылары мен салалалық бағыныстағы мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Отырыста көзделген тапсырмалардың орындалуына бақылау жасау және үйлестіру әкім орынбасары Нұрлан Тілешевке жүктелді.

Тағы да оқыңыз: