*Kyzylorda-news.kz. Бүгін Халықаралық ымдау тілдері күні. Бұл күн 1951 жылы бекітілген. Жалпы облыс бойынша 30 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде, бес мыңнан астамы ерекше қажеттілігі бар балалар. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалынып жатқан шараларды баяндады.*

«Биыл оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 300 ден астам есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сурдотехникалық құралдармен қамтылды. Атап айтқанда, веб камерасы бар ноутбук, есту аппараттары, естімейтін және нашар естейтін жандарға арналған сағаттар және көп функциялы сигнал жүйелері берілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға телебағдарламалар трансляциялауда сурдоаудармамен сүймелдеу үшін арнайы қаражат қарастырылған болатын. Аталған қызметті облыстық “Qyzylorda” телеарнасы жүзеге асырып келеді. Осы жылы 258 нысанға бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Оның 73,6 пайызы толық орындалды. Қалған нысандарға бейімдеу жұмыстары жыл аяғына дейін жүргізіледі”, – деді Айгүл Болатқызы.

Жалпы ымдау тілі мамандарының негізгі қызметі − еститін және естімейтін адамдардың арасындағы делдалдық қызметті көрсету. Бүгінде бұл бағытта облыс бойынша 277 жанға тілінің мамандары әлеуметтік қызметтерді көрсетіп келеді.

Баспасөз конференциясында №6 есту қабілеті бұзылған балаларды арнайы түзету мектеп-интернатының дефектолог маманы, сурдоаудармашы Айткүл Садықова сурдоаударма саласының қыр-сырын баяндап, өз пікірін білдірді.

«Негізінен ымдау тілі − есту қабілеті қалыптаспаған жандарға арналған тіл. Өзім істейтін мектеп-интернатында 67 ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиеленуде. Көбінесе арнайы түзету мектеп-интернатына 5-6 жастан бастап келеді. Бұл аталған мектеп-интернаты Қызылорда қаласында 2002 жылы ашылған болатын. Содан бері мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп келеді. Ымдау тілі басқа облыстарда орыс тілінде жүргізіліп тұрды. Қазіргі таңда балаларға өз ана тілінде үйретіледі. Саусақ әліппесі дайындық сыныбынан бастап үйретіледі. Ал ымдау, қимыл-ишара сабақтары 4 сыныптан бастап жүргізіледі. Сондай-ақ, балалардың диагноздарына қарай әртүрлі деңгейде сабақтар өтеді. Мүгедектігі бар азаматтар қоғамда өз орнын тапса екен дейміз. Өйткені мектеп-интернатын бітірген балалардың жоғары оқу орнында оқуы әрі қарай жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалынуы керек деген пікірдемін”, – деді Айткүл Көпбайқызы.

Тағы да оқыңыз: