Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық пробация есебіндегі азамат кір сабын шығару кәсібін дөңгелетіп отыр.

Шағын цехта күніне 350-400 келі сабын шығарып, сауда орындарына апарып өткізуде. Кәсіпкер кір сабынның дайындалу жолын түсіндірді. 

“Үлкен қазандыққа табиғи қоспаларды, оның ішінде май өнімдерін қосып араластырып,  қайнатып, каучук содасын қосқан соң, сабын өзінің реакциясын береді. Қоймалжың затты аппаратқа салып, шығарып, 1-2 сағат көлемінде кептіреміз. Одан соң арнайы қалыптар арқылы сабын түрінде шығарамыз. Дайын сабынға қызып тұрған кезінде мөр басамыз”, – дейді кәсіпкер.

Халықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуді көздеген кәсіпкер сабынның атауын «Сыр сабыны» деп атаған. Ол бұл кәсіппен 1 жылдан бері айналысып келеді. Оның айтуынша, аймақта сабынға сұраныс көп. Кәсіпкер дайын өнімдерді қала аумағындағы сауда орындарына өткізеді.  

«Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамыту ойымда бар. Пробация қызметкерлері қайтарымсыз несие алып беру мен бизнесті дамыту жайында білімімді жетілдіру үшін құжаттарымды дайындап жатыр», – деді есептегі азамат.

Тағы да оқыңыз: