Kyzylorda-news.kz. 31 мамырдағы жағдай бойынша елімізде Алматы, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарындағы 12 сауықтыру ұйымы санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметі әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу критерийлерімен айқындалған. «Жасыл» аймақтағы өлшемдерге сәйкес жазғы лагерьлер шектеусіз, «сары» аймақтағы лагерьлер – 50%, «қызыл» аймақтағы 30% жүктемемен жұмыс істейді.

Мұнымен қоса, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 26 мамырдағы қаулысына сәйкес балаларды сауықтыру лагерлерінің (мектеп жанындағы, қала сыртындағы) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин кезіндегі қызмет алгоритмі бекітілді. Оған сәйкес, стационарлық демалыс және сауықтыру ұйымдарының персоналына жұмыс басталғанға дейін 72 сағат бұрын жасалған ПТР зерттеудің теріс нәтижесі бар анықтама немесе коронавирусқа қарсы вакцинаның толық курсын алғанын растайтын құжат болған жағдайда ғана қызметіне кірісуге рұқсат беріледі.

Әрбір бала лагерьге келу кезінде денсаулық жағдайы туралы құжаттарды (сауықтыру лагеріне баратын оқушыға арналған 079/у үлгісіндегі медициналық анықтама), инфекциялық ауруларға, оның ішінде коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастармен байланыстың жоқтығын растайтын анықтамаларды, лагерьге келгенге дейін 72 сағат бұрын жүргізілген ПТР зерттеудің теріс нәтижесі бар құжатты ұсынуы шарт.

Бұдан бөлек, сауықтыру ұйымдарының барлығы санитарлық ережелердің талаптарына сәйкес келуі қажет. Дәлірек айтқанда, балалар лагерьлері (жыл бойы жұмыс істейтін ұйымдарды қоспағанда) сауықтыру маусымы басталғанға дейін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті.

Жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру ұйымдары санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны нысанды пайдалану мерзімі басталғанға дейін бір рет алады.

31 мамырдағы жағдай бойынша елімізде Алматы, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарындағы 12 сауықтыру ұйымы санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алды.

Тағы да оқыңыз: