МАҚАЛАНЫҢ АУДИОНҰСҚАСЫ

Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілді. Ол өзгерістер әлеуметтік көмектің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етпек.

Көпбалалы отбасыларына тиімділігі қандай? Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан тапсыру қажет пе? Кепілдендірілген әлеуметтік көмекті кімдер алады? Осы және өзгеде сұрақтарға өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында жауап алдық. Оған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтын Есқараева және аталған басқарманың әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Шаризат Алмашова қатысты.

Қызылорда облысы бойынша табысына қарамастан 24 мыңнан астам көпбалалы отбасына мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

«Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Заңдағы өзгерістер 5 қаңтар күні күшіне еніп, тұрғындардан  құжат қабылдап жатырмыз. Аймақта 4 баласы бар 17010 отбасына 42 500 теңге, 5 баласы бар 5809 отбасына 53 127 теңге, 6 баласы бар 1395 отбасына 63 757 теңге төленеді. Ал, 7 баласы бар 363 отбасы тіркелген. Оларға 73 388 теңгеден төленетін болады», – дейді Алтын Есқараева.

 Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері жан басына шаққандағы орташа табысымен аймақтарда белгіленген кедейлік шегінің айырмасы арқылы белгіленеді. Қызылорда облысында ең төменгі күнкөріс деңгейі 19 793 теңгені құрайды. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмек, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлеріне төленетін жәрдемақылар, 23 жасқа дейінгі студенттерге төленетін степендиялар  және мемлекеттік қолдау шаралары аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларынан басқа барлық табыс көздері кіреді.

«Әлеуметтік көмек бұрын 7 жасқа дейінгі балаларға қараушы аналарға төленді. Биыл енген өзгерістерге сәйкес 3 жасқа дейінгі баланың асыраушысы көмек алуға құқылы. Баласы 3 жасқа толған аналар жұмыспен қамту орталықтары арқылы  еңбекпен қамтылып, әлеуметтік көмекке үміткер бола алады. Өкінішке орай, қаншама отбасы өздерінің табысын жасырып, әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген. Қазіргі таңда бұл отбасылар анықталды. Осы жағдайға байланысты 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленетін болады», – дейді басқарма басшысының орынбасары.

 Айта кетейік,  жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан тапсыру міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беруші құжаттарын тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына тапсырады. Ал, ауылдық округтің тұрғындары ауылдық әкімшілікке жолығады.

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында берген тапсырмасын іске асыру үшін заң жобасы әзірленіп, оның шеңберінде әлеуметтік көмек берудің жаңа бағыты айқындалған. Осы орайда аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілетін болды. Бұған дейін тек мектеп жасындағы балаларға ғана көмек көрсетіліп келсе, енді отбасындағы 18 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік пакет алады. Бұл көмек облыс, аудан орталықтарында тиісті мекемелер арқылы, шалғай ауылдарға «Қазпошта» мекемесінің көмегімен жеткізіледі.

Мамандардың айтуынша 1-3 жас аралығындағы балаларға арналған пакетте тағамдар мен 7 түрлі гигеналық құралдары бар. Ал, 3-6 жас аралығындағы балалар 12 түрлі тағам және гигеналық құралдармен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар 6-18 жас аралығындағы оқушылар үшін ыстық тамақ, мектеп құралдары, киім-кешек, жол ақысы кіреді.

Фариза ОМАРОВА

Тағы да оқыңыз: