Kyzylorda-news.kz. Бүгін Достық үйінде «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Ақ орамал – ізеттіліктің, инабаттылықтың белгісі» акциясы болып өтті.

Акцияға «Бастаңғы» әжелер ансамблі, этномәдени бірлестіктің мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің белсенділері қатысты.

Тағылымы мол акция Достық үйінің фойесінде Тасбөгет кентінің Сабира Майқанова атындағы мәдениет үйінің «Бастаңғы» әжелер ансамблінің ән-шашуымен бастау алды. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі Константин Луца «Ана» туралы жырын ақ жаулықты аналарға арнады.

Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі 2014 жылы құрылған. Құрылған күннен бастап кеңес мүшелері отбасы мәртебесін көтеруге, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесіне байланысты көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Облыс бойынша 118 аналар кеңесі жұмыс жасайды.

Қатысушылар Аналар кеңесінің атқарған жұмыстарымен танысып, суреттер көрмесін тамашалады.

«Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының төрайымы, Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова қатысушыларға алғысын білдіре отырып, ананың қоғамдағы рөлі, «Ақ орамал» жобасының маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға ақ тілегін жаудырған, алтын алқа иегері, батыр ана Қуаныш Ахметқызының иығына ақ орамал жапты.

Акция аясында «Бауырсақ party» ұйымдастырылып, қатысушылар ыстық бауырсақтан дәм татты. Мұнан соң қатысушылар облыстық балалар ауруханасының ауласына 300-ге жуық сыр талын екті. Акция соңында спорттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды.

Тағы да оқыңыз: