Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық прокуратурасының бастамасымен алаяқтық қылмыстарды болдырмау, алдын алу бағытында арнайы семинар кеңесі өтті.

Қызылорда қаласының прокуроры Ағыбай Жақановтың төрағалығымен өткен семинар кеңесіне қала әкімінің орынбасары, қалалық полиция басқармасының басшылық құрамы, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының, Ұлттық Банк және байланыс операторларының өкілдерімен қала белсенділері қатысып, алаяқтық қылмыстарға тосқауыл қою жөніндегі мәселелер талқыланды.

Жиында қала көлемінде алаяқтық қылмыстардың орын алып отырған деректері және қылмыстық көрсеткіштердің жалпы төмендегенімен алаяқтардың арбауына түсіп жатқан тұлғалардың аз еместігі туралы баяндалды.

Қалалық прокуратурасының қылмыстық қудалау бөлімінің бастығы Бақай Махамбетжанов аталған тақырыпта баяндама жасады.

«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың 2 айында қала көлемінде 505 қылмыстық құқық бұзуышылық тіркеліп, өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 23 пайызға түскенімен, алаяқтық қылмыстар 93-тен – 171-ге, яғни 84 пайызға өсіп облыс орталығында дәл осы қылмыстың ахуалы күрделі сипат алып отыр», – деді ол.

Бұл ретте, қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сәкен Сыздықов алаяқтық қылмыстар азаматтардың әлі де болса құқықтық сауаттарының төмендігінен орын алып жатқандығын және қазіргі уақытта осы қылмыстардың интернет, әлеуметтік желілерде кеңінен таралып отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Қызылорда қаласының прокуроры Ағыбай Қасымбайұлы мүдделі мемлекеттік органдарға алаяқтық қылмыстардың алдын алу мақсатында жүйелі түрде тиісті шаралар атқару жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Осы ретте, азаматтарға алаяқтардың арбауының құрбаны болмас үшін өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттарын, банк карточкалары жөніндегі мәліметтер және қосымша қандай да бір ақпараттарды екінші, үшінші тұлғаларға бермеу қажеттігі мен несие рәсімдеу кезінде тек құзырлы органдарға жүгіну қажеттігін ескертеміз.

Тағы да оқыңыз: