Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтті. Үкіметтік емес ұйымдар 201 млн. 159 мың теңгені құрайтын 30 жоба ұсынды.

Жобалар мемлекеттік бағдарламаларда айтылған негізгі басымдықтарды іске асыруға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттау, ішкі туризмді дамыту, отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру, жастарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға, волонтерлікті дамытуға бағытталған.

“Комиссия мүшелерінің қарауынан кейін жоба облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының қарауына жолданады. Әрі қарай жоба облыстық мәслихат депутаттарының қарауына ұсынылып, кезекті сессияда қаржысы бекітіледі. Аталған басқармадан жобаның бекітілгендігі жөнінде арнайы хат келгеннен кейін жоба бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша жылдық жоспарға енгізіледі. Бұл жерде ең бастысы Сіздердің идеяларыңыздың жүзеге асырылғандығы маңызды. Ұсынған жобалардың қоғамға пайдасы, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізсе, соның өзі үлкен жеңіс деп білеміз, – деді жәрмеңкеге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.

Қызылорда облысында 996 Үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 454-і өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз үлестерін қосып келеді. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларына облыстық, қалалық, аудандық бюджеттер арқылы бөлінетін қаржы соңғы 4 жылда 3 есеге артты.

Тағы да оқыңыз: