Қызылордада әлеуметтік азық-түліктің бағасы қанша? – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада әлеуметтік азық-түліктің бағасы қанша?

28.01.2022, 18:00

361 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін қала әкімі Ғанибек Қазантаев әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді шараларды қабылдау қажеттілігін тапсырды. Ол үшін облыстық ауылшаруашылығы басқармасы, «Байқоңыр» ӘКК-сы қала әкімдігімен бірлесіп, бағаны тежеу бойынша жедел жұмыс жоспарын құруы тиіс.

Бүгінгі таңда азық-түліктің шекті құны белгіленгенімен, кейбір сауда желілерінде баға ауытқушылықтары орын алуда. Атап айтар болсақ, соңғы бір апта көлемінде сәбіз 150 теңгеден 152 теңгеге, пияз 76 теңгеден 80 теңгеге көтерілген. Нан бағасы да әркелкі.

«Қызылорда» оптомаркетінде -85 теңге;
«Анвар» сауда үйінде – 79 теңге;
«Мирас» сауда үйінде – 85 теңге;
«Смол» сауда үйінде – 73 теңге;
«Магнум» сауда үйінде – 77 теңге;
«Ажар» сауда үйінде – 73/55 теңге;
«Аль-Асад» сауда үйінде – 85/55 теңге аралығында.

Өңірлік тұрақтандыру қорынан алынған ұн 6 наубайханаға төмен бағада жеткізіледі. Олардан 55 теңгеден босатылып, әлеуметтік дүкендерде үстеме қойылмай сол бағада сатылуда.

Облыс орталығындағы 34 әлеуметтік дүкеннің 2-уі «KZO ET» жеке кәсіпкерлігіне сиыр етін 1650 теңгеден сату үшін берілген. Қалған 32 дүкен кәсіпкерлік субъектілеріне өтеусіз пайдалануға ұсынылған.

Тұрақтандыру қорының өнімдері 32 әлеуметтік дүкен арқылы және 15 сауда үйіне арнайы қойылған әлеуметтік бұрыштар арқылы сатылады.
Жиын барысында әр аптаның сәрсенбісі мен сенбісінде жылжымалы сауда нүктелерін қою ұсынысы айтылды. Бұл бастама арқылы қала халқына қолжетімді бағамен сапалы азық-түлік тауарлары сатылып, өсімнің алдын алуға сеп болады.