Kyzylorda-news.kz. Тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыру бойынша облыста меншік иелерінің бірлестігі және жай серіктестік құру жұмыстары жүруде.

Облыс бойынша 1222 көпқабатты тұрғын үйдің 913-і жаңа басқару жүйесімен құрылды. Қалған 309 көпқабатты тұрғын үйге коммуналдық меншікте болуына байланысты басқару ұйымдары талап етілмейді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Мұстафаев мәлімдеді.

«Қазіргі таңда, құрылған жаңа басқару органдарының мүліктерін әділет органына тіркеу жұмыстары басталды. Кейбір үйлердің құжаттарын заңдастыру уақытты талап етуде. Сонымен бірге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау үшін ағымдағы және жинақ шоттарын ашу, көп қабатты тұрғын үй шығыстарының ең төменгі мөлшерін бекіту, коммуналдық қызмет көрсету ережесін бекіту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, туындаған мәселелерге байланысты басқарма тарапынан жаңа басқарудың толыққанды жүзеге асырылу уақытын жыл аяғына дейін созуға ұсыныстар жолданды», – деді Қайсар Мақсұтұлы.

Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі және жай серіктестік құрудың артықшылығы – ол Сіздің қаражатыңыз тек сіздің үйіңізді күтіп ұстауға жұмсалады. Жинақ шоттары сіздің үйіңізге бекітіледі.

«Бос тұрғын емес үй-жайларды, жертөлелерді жалға беруден, жарнамадан және басқалардан табыс алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен сіздің үйіңізге техникалық тексеру жүргізіледі. Жергілікті бюджет қаражаты болған жағдайда қайтарымды негізде сіздің үйіңіздің лифтілерін жөндеу мен ауыстыруды ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы», – деді тұрғын үй қатынастары және экономика бөлімінің басшысы Айгүл Ильясова.

Тағы да оқыңыз: