Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 143 260 адам көлік салығын төлеуші ретінде тіркелген.
Жыл басынан бері көлік құралдары салығынан 1 172 097 мың теңге өндірілді. Қазіргі таңда облыс бойынша 43647 жеке тұлғада 1 млрд 028 млн теңге көлік салығына қарызы бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов мәлімдеді.
“Жыл ішінде автокөлікті есептен шығарған кезде, жеке тұлғаның көлік салығының төлеу мерзімі 31 желтоқсан болғандықтан, ағымдағы жылға есептелетін салығы бет есебінде көрінбейді. Ол көрінбегендіктен қарыз болып шықпайды да, көлікті мемлекеттік тіркеуден шығаруға кедергі болмайды. 2015 жылдан бастап қарызы жоқ туралы анықтаманы Жол полициясы талап етпейтін болды. Себебі сол жылдан бастап мамандандырылған ХҚО бағдарламасы «Біріктірілген салықтық ақпараттық жүйесімен» біріктіріліп, сол жақтың мамандарына жеке тұлғалардың бет есептерін көруге мүмкіндік қарастырылған. Олар, бет есебі бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізбей, қарызы жоқ деп тіркеу есебінен шығаруда. Осы келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында біздің бір мамандар ХҚО-да жұмыс жасауда”, – деді Ғалымжан Орынов.
Брифинг барысында сала мамандары сенімхат арқылы сатылған немесе жарамсыз күйде бөлшектеп сатылып кеткен, әлде металлоломға өткізіліп кеткен көліктерді Полиция департаментіне барып, мемлекеттік тіркеуден шығару қажеттігін ескертеді. Әйтпесе, көліктің иесі көлік салығын төлеуші болып қала береді. Жеке тұлғалар тарапынан түсініспеушілік осы жерден туындап отыр екен. Яғни, көлікті сатқан уақытта, сол мезетте сату-сатып алу келісім-шарты бойынша өз иелігінен, яғни, мемлекеттік тіркеу есебінен шығару қажет.