Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында 28 пәтер терезелеріне арнайы қауіпсіздік ілмешегі орнатылды. Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов хабарлады.

Брифинг барысында Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қала аумағында жасөспірім балалардың терезеден құлау жағдайлары жиі орын алып жатқанына тоқталып өтті.

«Көп жағдайда 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар терезеден құлау қаупіне жиі ұшырайды. Осы жағдайды болдырмас үшін қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын әр-аптаның жұма күні жүйелі жүргізудеміз. Шара барысында арнайы дайындалған үнпарақтар кіре беріс есіктерге ілінуде және тұрғындарға таратылуда. Сонымен қатар, терезелерге арналған қауіпсіздік құлыптарын орнату туралы тұрғындарға, мектеп басшыларына түсіндірілуде.Осы жұмыстардың нәтижесінде, көпбалалы аналар тарапынан 28 пәтердің терезелеріне арнайы қауіпсіздік ілмешегі орнатылды», – деді басқарма бастығы.

Сонымен қатар, мамыр айынан бастап азаматтардың судағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар бастау алды. «Суға шомылуға тыйым салынады!» тақтайшаларынан жаңадан 5 дана орнатылып, қазіргі таңда тақтайшалардың жалпы саны 37 дана тақтайшаға ұлғайды.

Сала мамандарымен күшейтілген түрде Сырдария өзені жағалауында және қала аумағында орналасқан су айдындарында сағат 13.00-ден сағат 20.00-ге дейін рейдтік іс-шаралары жүргізілуде. Рейд барысында белігіленбеген аймақта суға шомылып жүрген 13 жеке тұлғаға ҚР ӘҚБтК 364 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Тағы да оқыңыз: