Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пен жауапты сала жетекшілері Халықаралық мүгедектер күніне орай белгілі кәсіпкер Нұрмұрат Ермановқа ел дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін алғыс білдірді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Демеу» мейірімділік мүгедектер қоғамдық бірлестігімен бірге өңірдегі 182 мүмкіндігі шектеулі азаматқа құрмет көрсетті. Басқарма басшысы Гаухар Қалмақова, орынбасары Айгүл Болатқызы көмекке мұқтаж жандардың үйіне барып, арнайы құттықтау хат пен сый-сияпат ұсынды.

Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы мүгедектер он жылдығының (1983-1992) аяқталуына орай жариялаған. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару. 2015 жылы еліміз Біріккен Ұлттар ұйымының мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы конвенциясын ратификациялап, өзіне осы бағытта тиісті міндеттемелер алды. Бұл ретте мемлекет тарапынан қажетті заңдар және нормативтік-құқықтық актілер қабылданды.

Қазір облыс бойынша 30 мыңнан астам (30283) мүгедектігі бар адам тіркелген, жалпы халық  санының (800,8 мың адам) 3,8 процентін құрайды. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар – 5098 (16,8 %).  Оларды оңалту, денсаулығын жақсарту үшін бюджеттен бөлінген қаражат жылдан жылға артуда. Биыл 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде әлеуметтік оңалту шаралары 90,1 процентке орындалды.

Мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуы басты назарда. Оларға бос орындар жәрмеңкелері өткізіліп, 807 мүгедек жұмыспен қамтылды, оның 190-ы тұрақты жұмыс. 4372 мүмкіндігі шектеулі адам, оның ішінде 194 мүгедек бала күндізгі жартылай стационарда үкіметтік емес ұйымдар арқылы қызмет алып отыр. Бұл қызмет түрлерін Арал ауданында аудандық мүгедектер ұйымы, Қазалыда «Шапағат», Қармақшы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласында «Альтаир-Бөбек», Жаңақорғанда «Нұрлы сенім», Шиеліде «Думан-Шиелі» сияқты қоғамдық ұйымдар, қорлар мен орталықтар  жүзеге асырып келеді.

Олардың тәжірибелері қалыптасқан, атап айтқанда, 1999 жылдан бастап «Қанат dr. Темиркулов» қоғамдық бірлестігі спорттық-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Орталықта елімізден және шет мемлекеттерден келген 500-ден астам адамды қабылдаған.  Жосалы кентінде 50 балаға арналған «Дәметкен-Ана» оңалту және әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылып, қызмет көрсетуде.

Олардың өмір сүруге деген құштарлығы, еңбек етуге деген ынтасы, жетістікке жетем деген жігері он екі мүшесі сау адамдардан да мықты. Мәселен, Ислам Салимов – екінші топтағы көз мүгедегі. Жеңіл атлетиканы жанына серік етіп, спортта өз орнын тапқан. Азия паралимпиада ойындарының жүлдегері,  халықаралық дәрежедегі спорт шебері, көз мүгедектері арасында Бүкіләлемдік ойындардың күміс жүлдегері. Лондонда өткен паралимпиада ойындарына қатысқан. Нұрмұхаммед Әбілқасым – ақын, бірнеше жыр кітаптарының авторы. Әсел Төребаева – жастайынан дүние жарығын көрмесе де, елуден аса әннің авторы. Әуенін де, сөзін де өзі шығарады, орындайды. Аслан Ертоқаев – бейнелеу өнерінен республикалық, облыстық байқауларға қатысып келеді.

Осындай ерік-жігері мұқалмаған, алдағы күннен үміт үзбеген жандар барлығымызға үлгі.

Тағы да оқыңыз: