Kyzylorda-news.kz  Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес орындалуда. Биылғы жылы облыс орталығындағы 4 қосалқы станция және Қазалы ауданына қарасты Кәукей елді мекенінің электрмен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды. Келесі жылы аяқталады деп көзделуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев мәлімдеді.

«Жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қала және аудан әкімдері мен кәсіпорындар және энергонысандар арқылы бекітілген кестелерге сәйкес жүруде. Оның ішінде, “Қызылордажылуэлектрорталығы” кәсіп орнында 2 қазандық және “Қызылорда Оңтүстік жылу орталығы” филиалының 7 қазандығы және “Қазалы-Теміржолжылу” филиалының 4 бу қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі таңда бұл жұмыстар 99 пайызға орындалды. Жалпы 2021-2023 жылдарға арналған қолданыстағы электрмен қамту жүйелерін қайта жаңғыртуға бағытталған жалпы құны 10 млрд. теңгені құрайтын 6 жобалық сметалық құжаттамасын іске асыру жоспарланып отыр. Облыс көлемінде жылдық жоспарға сәйкес отын қоры бойынша әлеуметтік нысандарға 33 мың тонна көмір және 25 мың тонна дизель отыны қажет. Керекті отын көлемін жеткізу үшін жауапты мекемелермен келісім жүргізілуде. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарға 33 мың тонна көмір отыны бойынша 8,5 мың тоннасы жеткізілді. Ал сұйық отынның 23 мың тоннасы бар»,- деді Ерлан Жаңабаев.
Брифингте “Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК-ның жылу беру маусымына дайындық жұмыстары туралы да айтылды.

Қазіргі таңда станция бойынша барлық жоспарланған жөндеу жұмыстары 98 пайызға орындалған.

«Алдағы жылу беру маусымына дайындық мақсатында кәсіпорынның өз қаражаты есебінен қаржы қаралып, кварталаралық жылу құбырларына жөндеу жұмыстарының 95 пайызы орындалды. Биылғы жылдың 10 қыркүйегінен бастап 5 қазанға дейін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті бағдарлама әзірленіп, магистралдық, кварталық және квартішілік жылу желілерін салқын айналымға қою жоспарлануда. Жалпы Қызылорда қаласы бойынша 1538 нысан жылу жүйесіне қосылған. Қала бойынша жылу есептегіш құралымен жылу энергиясын пайдаланып отырғандар саны – 178. Ал 13 көпқабатты тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылған. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап тариф 1 м2-83,79 теңге»,- деді мекеме директоры Наурыз Сатханов.

Тағы да оқыңыз: