Kyzylorda-news.kz. Бүгін бұрынғы Т.Шевченко атындағы көшеге Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевтың есімі берілді.

Кеңес Одағы батырының атына көше беру және ескерткіш тақтаның ашылу шарасына ҚР Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы, қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Мөрәліұлы, Ү.Түктібаевтың бауырлары, ағайын-туыстары мен қала тұрғындары қатысты.

«Бұл шара еліміздің ең қасиетті де, қастерлі мерекелері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылуымен ерекшеленіп отыр. Бүгін міне, киелі Сыр өңірінің даңқты перзенттерін құрмет етудің тағы бір шарасын өткізудеміз. Қаламыздың көрікті ауданындағы көшелерінің бірін Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атамыздың атымен атағалы тұрмыз. Мереке күнi бiз азаматтық арды ту етіп, өз өмiрлерiн құрбан еткен батыр бабаларымыздың алдында бас иемiз. Салтанатты түрде ашылғалы тұрған жаңа көше, ынтымақты халқымыздың мерейін асқақтатар көрікті орындардың біріне айналсын», – деген қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Жақсымұратұлы барлық қатысушыларды мерекелерімен құттықтады.

Сондай-ақ, шара барысында ҚР Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Мөрәліұлы атамыздың өмір жолы туралы сөз етті.

Тағы да оқыңыз: