Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша Шиелі ауданында 66 науқас тіркелсе, Төңкеріс ауылдық округінен 46 науқас анықталды. Қазіргі таңда ауылда вирус әлі де сақталған. Сондықтан кіре беріс блок – посты алып тастауға әлі ерте. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Сейтқалиұлы баяндады.

“Төңкеріс халқының 1,4 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырған. 12 мамыр күні «Евразия» телеарнасы мен «Информбюро» 31-каналдың кешкі жаңалықтарынан Төңкеріс ауылдық округінің тұрғындарының төтенше жағдайға байланысты қойылған блок – пост жұмысын тоқтату туралы талабы көрсетілді. Сондай – ақ , сұхбат берген тұрғындар азық – түлік бағалары көтерілгендігін, карантин талабына сәйкес ауылдан шыға алмай қалғандығын айтқан.

Бірақ барлық қолдау шаралары жасалды. Ауылдық округ тұрғындарының сұраныстары бойынша азық–түлік тауарлары, 300 газ баллоны, 20 тонна жем кідіріссіз жеткізілді. Азық–түлік сататын кәсіпкерлерге арнайы хат беріліп, шекті бағаның тұрақтылығын сақтау тапсырылып, жергілікті билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар тарапынан бақыланды. Күнделікті қолданыстағы 9 азық – түлік тауарларының белгіленген бағасы өскен жоқ. Халық тұтынатын тауарлардың бағасына тек жол шығыны ғана қосылды”, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Төңкеріс ауылдық округінің кіре беріс блок – посты 30 наурызда қойылған болатын. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, карантиндік шектеулер эпидемиологиялық жағдайға сәйкес біртіндеп алынады.

Тағы да оқыңыз: