Kyzylorda-news.kz. Қызылордада “Пандемия кезеңіндегі цифрландыру: жаңа сын-қатерлер мен үрдістер” тақырыбында онлайн-форум өтті. Zoom қосымшасы арқылы өткен жиынға Сингапур мен республикадағы бірқатар ұйымдардың IT сала мамандары қатысты.

Цифрландырудың басты міндеті – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру болып табылады. Бұрындары кез-келген қағазды алуға күндер, тіпті, апталар да кететін. Бұл процестер бүгінде цифрландырудың арқасында әлдеқайда жеңілдетілді. Қазіргі таңда қажетті анықтамалар мен құжаттарды алуға және шығаруға бірнеше минут ғана кетеді.

Жиында қатысушылар өз салаларындағы жаңалықтар мен өзгерістері турасында баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев өз баяндамасында мемлекеттік қызметтер жайында сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа бастамаларға тоқталды.

Әлем жұртын алаңдатқан пандемия мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшу процесін әлдеқайда жеделдетті. Қазіргі кезде азаматтар үйден шықпай-ақ, кез-келген жерде смартфон мен компьютер арқылы қызметтердің 80%-дан астамын онлайн түрде алуға мүмкіндіктері бар.

Бұрын тұрғындар бала тууына байланысты жәрдемақы мен балабақша кезегіне қою мен “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иегерлері жәрдемақы алуы үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп, құжат өкізу қажет болатын. Ал, бүгінде бұл қызметтерді бір ғана СМС-тің көмегімен проактивті түрде алуға мүмкіндіктер жасалынған. Ол үшін бар болғаны тұрғындар мобильді азаматтар базасына тіркелуі тиіс.

“Біз мұнымен тоқтап қалмай, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен оңтайландыру бойынша одан әрі жұмыс істейтін боламыз”, – деді филал директоры Айдын Бөкенбайұлы.

Тағы да оқыңыз: