Қызылорда облысының жылу беру маусымына дайындығы пысықталды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылорда облысының жылу беру маусымына дайындығы пысықталды

24.06.2022, 16:17

197 0

Kyzylorda-news.kz. Аймақ басшысының алдағы жылу беру маусымын іркіліссіз өткізу тапсырмасын орындау мақсатында бүгін облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен арнайы жиын өтті.

Жиын барысында «Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесінің қаржы-шаруашылық жағдайы және алдағы жылу маусымына дайындығы талқыланды.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» облысымыздағы электр және жылумен қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын. Бәрімізге орталықтың негізгі және қосалқы қондырғыларының тозығы жеткені белгілі. Дегенмен өткен жылу беру маусымында технологиялық бұзушылықтар мен тоқтаулар орын алған жоқ.

Алдағы уақытта өңірімізді сенімді сапалы жылу және электрмен қамтамсыз ету мақсатында ауқымды жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК арасында 2021-2030 жылдарға арналған жылу орталығын қайта жаңғырту туралы келісімге қол қойылды. Инвестициялық бағдарлама аясында 3 газтурбиналық қондырғыны ауыстыру арқылы КОГТЭС-ті жаңғырту қарастырылған.

Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес еліміздің оңтүстігінде маневрлік қуаттар мәселесін шешу үшін Қызылорда қаласында осы жылуэлектрорталығының аумағында қуаттылығы 240 МВт бу-газ қондырғысын салу жоспарлануда. Жоба инвесторлар қаражат есебінен іске асырылады. Іске асыру мезімі 2025 жыл.

Отырыста кәсіпорын басшысы Медет Усаинның есебі тыңдалды. Жиын барысында Мархабат Жайымбетов компанияның жұмысына оның техникалық, қаржылық-шаруашылық жағдайына қатысты өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

Атап айтқанда, кәсіпорын пайдалануындағы жылу желілерінің нормативті сыраптары өте жоғары екендігін, жалпы дебиторлық және кредиторлық қарыздарын төмендету, Еуропалық даму банкінен, «Нурлы жол» бағдарламасымен алынған қарызды мерзімінде қайтару бойынша мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, жылу беру маусымы басталғанда дейін көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық жұмыстарын толығымен аяқтауға қала әкімдігіне тапсырма берілді.

Мархабат Жайымбетұлы кәсіпорындар арасындағы қарыздарды өтеуге жауапкершілікпен қарауды тапсырып, оның алдағы жылу беру маусымының тұрақты өтуіне тікелей қатысты екендігін айтты.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары қала әкімінің орынбасарына және коммуналдық мекемелер басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалу уақытын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.