Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жұмыс сапарымен Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласында болды.

Алдымен С.Ахмет қала әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен кездесті. Басқосуда Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының 65 жылдық мерейтойына қатысты дайындық жұмыстары талқыланды. Осы ретте С.Ахмет қала басшысына облыс әкімінің Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтау хатын табыс етті.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесті. Онда «Мүгедектерді қорғау «Байқоңыр жігері» жергілікті қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жүсіп Қошқарбек бірқатар өзекті мәселе көтерді. Олардың арасында инватакси қызметінің сапасын жақсарту мен Байқоңыр қаласы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін ашу сияқты ұсыныстар бар.

Әрі қарай облыс әкімінің орынбасары Төретам кентіне барып, жергілікті және Ақай ауылдық округінің еңбек ардагерлерімен кездесті. Онда өскелең ұрпаққа рухани-өнегелік тәрбие беру мәселесі талқыланды. Жергілікті әкімдік пен ауылдық округтің басшылығына жастарды қазақстандық патриотизм бағытында тәрбиелеу ісіне еңбек ардагерлерін белсенді жұмылдыру жөнінде тапсырма берілді.

Аймаққа жасаған жұмыс сапарын қорытындылай келе облыс әкімінің орынбасары жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Тағы да оқыңыз: