Kyzylorda-news.kz. Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде барлық білім беру ұйымдарына штаттық форматта оқуға рұқсат етілген болатын. Бүгінде аймақтағы білім беру ұйымдары дәстүрлі форматта білім беруге дайын. Жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде барлық санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, 1 қыркүйек күні басталатын болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығын және саладағы жаңалықтар мен өзгерістерді хабарлады.

Білім беру процесіне қатысушыларға күнделікті термометрия, қолды антисептикпен өңдеу жүргізіледі. Жүріп-тұру бір жақты қозғалыс қағидасы бойынша арнайы көрсеткіштермен таңбаланады. Оқушылардың шоғырлануын болдырмау үшін үзілістер әртүрлі уақытта өткізіліп, бір сынып бір кабинет қағидаты қолға алынды. Білім алушылар мен қызметкерлер арасында маска тағу режимін сақтау да қатаң бақылауда болады. Қазіргі таңда облыс бойынша 294 мектеп пен 670 балабақша, 30 колледж «ASHYQ» қосымшасына толық қосылған. Білім беру ұйымдарына кірерде қосымшаға QR код енгізу міндеттеледі.

Барлық білім беру ұйымдарындағы бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу шектеледі. Спорттық іс-шаралар таза ауада өткізіледі.

Сонымен бірге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленуші ауырған жағдайда топ жабылады. Ал, ата-анасынан вирус анықталса балалары балабақша қабылданбайды. Әр топта 20-25 баладан асырылмауы қатаң сақталады.

«Алдағы оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 177 196 оқушы білім алады. Оның ішінде 1 сыныпқа қабылданған бала саны 18 276 оқушы. Жалпы білім беретін мектептерде оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелген жағдайда, олар 14 күндік оқшаулауға жіберілетін болады. Бұл орайда, өткен оқу жылы барысында жинақталған тәжірибеге сәйкес, онлайн форматтағы оқу жалғастырылады», – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар Ақзира Бақтыбайқызы шектеу шараларына байланысты, оқу орындарындағы ауысым мен жұмыс режимі белгіленіп, үш ауысымда оқитын мектептерде балалардың бір мезгілде шоғырлануын болдырмау мақсатында негізгі пәндерді дәстүрлі түрде оқытса, қосымша пәндерді онлайн форматта оқыту ұсынылып отырғандығын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде облыстағы 27 033 педагогтың 98,3 пайызы вакцина алған. Қалған 1,7 пайызы яғни 4040 мұғалім медициналық анықтамамен екпе алудан босатылған. Ал вакцина алуға тиісті техникалық қызметкерлер толық вакцинациялаудан өткен.

Тағы да оқыңыз: