Kyzylorda-news.kz. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысын көтеру мәселесін бірінші қыркүйектен бастап шешуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан .

Бұл жайында министр білім және ғылым министрлігі аппаратының кезекті жиналысында айтты.

“Ұлттық сенім кеңесінің отырысында мемлекет басшысы жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеру бойынша тапсырма берді. Осы мәселені орындауымыз керек. Министрлікке бағынышты оқу орындары оқытушыларының жалақысын өсіру мәселесін бірінші қыркүйектен бастап шешуіміз керек. Тиісті талдау жұмыстары жүргізілді және оған мүмкіндік бар. Бұл мәселені бірінші қыркүйектен жүзеге асыруды тапсырамын”, – деді министр.

Министр жоғары оқу орындары жүйесін дамытуға мемлекет басшысы ерекше қолдау білдіріп отырғанын айтып өтті.

“2011 жылдан бастап жоғары оқу орындарындағы грант құнын өсіру бойынша көп мәселе көтерілді. Президент тапсырмасына орай, үкімет қаулысы қабылданды. Осылайша, грант құнын өсіру арқылы оқытушылар жалақысы көбейіп, оқу орындарының материалдық-техникалық базалары нығаятын болады”, – деп толықтырды министр.

Жиналыс барысында білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев жалақыны көтеру бойынша жоғары оқу орындарының тиісті жұмыс атқарғанын айтты.

“Барлық жоғары оқу орны 2018 жылмен салыстырғанда 2019-2020 оқу жылында оқытушылардың жалақысын орташа есеппен 20%-ке көтерген болатын. Ал 2020-21 оқу жылында шамамен 32%-ке көбейеді деп жоспарланып отыр”, – деді Тойбаев.

Тағы да оқыңыз: