Kyzylorda-news.kz. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» – дейді қазақ халқы. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.

Қазіргі таңда Талсуат ауылдық округінде орналасқан «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығында» түрлі іс-шаралар мен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері атаулы мерекелерде «Ел Арай» қоғамдық қоры балаларды құттықтап келеді. Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектебі «Адамгершілік – асыл қасиет!» қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, әлеуметтік–тұрмыстық кабинетіне асхана жиһазын тарту етті.
Наурыз мерекесіне орай күндізгі бөлімшеде «Дәулет Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен жабдықталған «Ұсақ-қол моторикасы» кабинеті ашылды.

«1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай өткізілген «Сәбидің күлкісі – әлемнің сыңғыры!» атты мерекелік шарада Қазақстан Халық банк облыстық филиалының қызметкерлері және «Даулет Азия» ЖШС құрылтайшысы Талғат Сәбитұлы бастаған еріктілер балаларды мерекемен құттықтап мерекелік көңіл-күй сыйлады, «Мектепке жол» акциясы аясында «Хикмет» қайырымдылық қоры қызмет алушыларға оқуға қажетті құрал-жабдықтар сыйлады. «Жомарт» қайырымдылық қоры еріктілер тобындағы Алла Пак отбасымен бірге қызмет алушыларға жұмсақ ойыншықтар мен балалар шығармашылығын дамытуға арналған «Эбру» жиынтықтарын сыйға тартты.

Балалардың жаз айларында жақсы демалып, денсаулықтарын арттырып, көңіл-күйлерін көтеру мақсатында «Нұр» мешітінің еріктілері қаламыздағы «Arai City Mall» ойын-сауық орталығына қызмет алушыларға кинолар мен мульттоптамалар көрсетіп, Белкөл кентінде орналасқан «Абай» тынығу орталығына демалыс ұйымдастырды.

«Жомарт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ата бол да, мейірім сыйла!» қайырымдылық шарасы аясында №101, №3 мектептің жас ұстаздар қауымының еріктілері және «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының демеушілігімен орталық балаларына тәттілерден сыйлықтар таратты.
Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» – деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының іс-тәжірибелерімен жалғасып келеді.

А.Шалбаева, Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы

Тағы да оқыңыз: