Kyzylorda-news.kz. Төтенше жағдайлар министрінің ел алдындағы есебі кезінде сүңгуір құтқарушының анасы құтқарушылардың айлығын өсіру қаншалықты мүмкін екенін сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалақыны көтеру туралы айтсақ, құтқарушы сүңгуірлер жедел-құтқару жасағындағы азаматтық қызметшілер санатына кіреді. 2019 жылы осы санаттағы мамандардың айлығын 30%-ға дейін көтердік. Қазір орташа жалақы – 170 мың теңге. Мен бұл өте аз екенін түсінемін. Сондықтан жалақыны осы санаттағы қызметкерлердің де еңбекақысын кезең-кезеңмен көбейту көзделіп отыр. Бірақ бұдан былай айлығы өсетін мамандарды, әсіресе әскери шені бар сала қызметшілерді аттестаттаудан өткізіп отырамыз», – деді Юрий Ильин.

Сондай-ақ, министр есептік кездесуден кейінгі қорытынды брифингіде Шығыс Қазақстанның Риддер қаласында болған алапат өртті сөндірушілерді материалдық тұрғыда ынталандыру мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.

«Кеше менің бұйрығыммен аталған өртті сөндіруге белсенді қатысқан 14 ерікті марапатталды. Ертең біз Риддер қаласында өрт мәселесіне қатысты жедел кеңес өткіземіз. Егер жергілікті департамент басшылығы жеке құрамды ынталандыруға ұсынса, көтермелеу жасаймыз», – деді ведомство басшысы.

Тағы да оқыңыз: