Kyzylorda-news.kz. 83 жыл тарихы бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде онлайн форматта «Түлектермен кездесу» шарасы өтті.

Аталмыш шарада университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова еліміздегі іргелі оқу ордасының қабырғасында білім алып, үлкен өмірде жетістікке жеткен, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрген түлектермен емен жарқын сұхбат құрды.

«Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті көптеген жылдар ішінде талай түлектерді жан-жақты дамыған тұлға ретінде тәрбиелеп, еліміздің дамуына өз үлесін қосқан бірегей оқу орны. Бүгінгі кездесу соның бірден-бір дәлелі, біз әрбір түлегімізді мақтан тұтатындығымызды жеткізгім келеді. Жыл сайын университеттен мыңдаған жастар оқуларын аяқтап, үлкен өмірге қадам басып, оқу ордасында алған білімдерін пайдаланып, өз саласының үздіктері атануда. Міне бүгін сол үздік түлектермен жиналып, алдағы уақытта еліміздің дамуына айрықша ат салысатын Өздеріңіз сияқты бәсекеге қабілетті көшбасшы түлектердің жаңа буынын қалыптастыру жоспарын ақылдасқымыз келеді», – деді ректор.

Сонымен қатар, университет туралы ақпарат беріліп, алдағы атқарылатын жұмыстар таныстырылды.

Кездесу барысында университет түлектері – ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионы Илья Ильин, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті Төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов, «Хабар 24» телеарнасының Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы, белгілі жазушы, республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Концерттік-гастрольдік қызметті үйлестіру республикалық орталығының ресми өкілі Ержан Алданазаров, «Қор» мұнай компаниясының геология және игеру бөлімінің аға инженері, «Социум Қызылорда» қоғамдық қорының директоры Ерлан Мусаев, «Қызылорда облысының жерді пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Қайрат Тоғызбаев, «МБО» жарнама агенттігінің директоры Бахытжан Мамбетов және басқа да өз саласының үздіктері, белгілі кәсіпкерлер, ғалымдар өз ойларын білдірді.

Университет түлегі, кәсіпкер Саят Нұрахмет ұзақ жылдар білім ордасында еңбек еткен ғалымдарға арнайы соңғы үлгідегі дәрісхана ашуға және дарынды студенттерге шәкіртақы тағайындауға қаржылай қолдау білдіретінін жеткізсе, «Қызылорда облысының жерді пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Тоғызбаев Қайрат Әбенұлы бітіруші түлектерді жұмыспен қамтуға көмектесетінін айтты.

Сонымен қатар, университет түлегі Ерлан Мұсаев алғашқы болып 100 мың теңге Эндаумент қорына аударатынын жеткізді.

Айта кеткенде университетте 2005 жылдан бастап «Түлектер қауымдастығы» жұмыс жасап келеді. Білім ордасының әртүрлі іс-шараларында түлектеріміздің белсенділігі байқалып отырады. Бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын қалыптастыру жолында, бітірушілеріміздің жұмысқа орналасуында, инфраструктурамызды нығайту,  университет мәртебесінің жоғарлауына әр саладағы жанашыр түлектеріміздің қамқорлығының арқасында көптеген жұмыстар атқарылуда.

Тағы да оқыңыз: