Kyzylorda-news.kz. ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды нысандарға ат басын бұрды. Ведомоство басшысын облыс әкімінің міндетін атқарушы Мархабат Жайымбетов күтіп алып, әскери нысандарды бірге аралады.

Алдымен генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қызылорда облысындағы штабтың жұмысымен, әскери қызметшілердің тамақтану жағдайымен танысты. Мұнда ол әскери бөлімнің атқаратын міндеттері мен жауынгерлік мүмкіндіктері, оқу-жаттығу жауынгерлік қызметінің барысы туралы пікірлесті.

Министр жауынгерлік машиналар паркіндегі әскери техниканың жай-күйі мен оларды ұстау тәртібін, қаруды сақтау жағдайын тексерді. Сонымен қатар, қорғаныс ведомствосының басшысы оқу-жаттығу алаңдарын аралап, олардың практикалық сабақтарға дайындығын бақылап көрді.

Нысан аралау барысында Мархабат Жайымбетов министрмен бірге алдағы уақытта әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша бірлескен жұмыстарды талқыға салды.

Жұмыс сапары соңында министр жеке құрамның жауынгерлік оқу сапасын арттыру, жауынгерлік даярлықтың оқу-материалдық базасын жетілдіру, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде бірқатар нұсқау берді.

Тағы да оқыңыз: