Қордайдағы оқиғадан соң Қырғызстанға кеткен тұрғындар үйлеріне қайтып жатыр – Kyzylorda News
Басты бет

Қордайдағы оқиғадан соң Қырғызстанға кеткен тұрғындар үйлеріне қайтып жатыр

10.02.2020, 15:20

451 0

Kyzylorda-news.kz.  ҚР Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Қырғызстанмен шекарада болып, қордайлықтармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қордай ауылындағы қазақ-қырғыз шекарасына келген Бердібек Сапарбаев шекарадан өтейін деп тұрған адамдарға үйлеріне қайтуды ұсынды.

«Кешеден бері осында жұмыс істеп жатырмыз. Президенттің берген тапсырмасы бар, ол – осында тәртіп пен тыныштық орнату. Түні бойы осында болдық, бәрі тыныш. Сондықтан үйлеріңізге қайтқандарыңыз жөн. Енді бәрі дұрыс болады. Біз бүгін де, ертең де осында жұмыс істейміз. Полиция да осында. Бәрін қалпына келтіреміз. Кім кінәлі екенін анықтап, оларды жауапқа тартамыз. Сол үшін үйлеріңізге қайтыңыздар, балалар сабағынан қалмасын. Осында тіршілікті әрі қарай жалғастыра бересіздер. Келген шығын есептеліп, өтеледі, қираған үйлер қалпына келтіріледі», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары шекарада тұрған көпшілікке.

Оның айтуынша, Қордай ауылдарындағы тіршілік қайтадан бұрынғы қалпына түседі, сондай-ақ, қауіпсіздік үшін де алаңдамауға болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болып, одан 8 адамның қайтыс болғанын, қазіргі таңда осы оқиғаға қатысты 47 адамның ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

0

Пікір қалдыру