Қоғамға ой салар мақала – Kyzylorda News
Басты бет

Қоғамға ой салар мақала

09.01.2020, 16:40

786 0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқып шықтым.

Қоғамға ой салып, жас ұрпақты жігерлендіретін маңызды мақала. Әрине, Абай шығармашылығы зерттеусіз қалған жоқ. Ғасырдан астам уақыт бойы жүздеген зерттеулер, мыңдаған мақалалар жазылды. Бірақ біз көбіне Абай шығармаларын ХІХ ғасырдағы ақын өмір сүрген қоғам аясында қарастырып келдік. Ал Президент өз мақаласында Абай мұрасын ХХІ ғасыр деңгейінен бағалайды. Бүгінгі күнмен байланыстырады. Мақаланың басты ерекшелігі де осы. Қ.Тоқаев осы мақаласы арқылы Абайды жаңаша танудың, жаңаша зерделеудің, жаңаша түсінудің үлгісін көрсетіп отыр деп айта аламыз.

«Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек»,-дейді Президент.

Өзінің осы ойына жетудің нақты жолдарын ұсынады. Ақын мерейтойы аясында Абай шығармаларын әлемнің он тіліне аудару мәселесі қазақ ақынын әлемдік өркениетке мойындататын басты және шешуші қадам екені рас.

Ақын мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын іс-шара ретінде қарай отырып, бүгінгі қазақ үшін ой түзеуді, Абай айтқан «Толық адам» деңгейіне жетуді ұсынады.

Осы тұста айтар ойымыз Президент мақаласы қоғамға жаңа ой әкелер құнды дүние. Сондықтан да оны әр ұжым, әр білім мекемесі талдап, ой өзегінен өткізде деген ұсынысымыз да бар.

Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,

Филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы ҚМУ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі