Kyzylorda-news.kz. «Достық» үйінде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін: Сыр өңіріндегі нәубет жылдар шежіресі» атты облыстық ғылыми-танымдық конференциясы өтті.

Жиынға саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша облыстық комиссия мен жұмысшы топтың мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қатысты.

Конференция жұмысын ашқан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен қуғын-сүргін құрбандарын мәңгілік есте қалдыру мақсатында 31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» ретінде аталып келе жатқанына биыл 25 жыл толғанын атап өтті. Сондай-ақ, ел тарихында зұлмат жылдардың зардабын тартқан халықтар туралы деректермен бөлісіп, ақтаңдақ жылдар туралы ақиқаттың беріге дейін бұрмаланып келгенін, десек те ел тәуелсіздік алғалы Алаш арыстарының ғұмырнамасы мен тарихи оқиға туралы маңызды құжаттардың зерделеніп, ақиқат пен жалғанның ара-жігі уақыт еншісіне қарай анықталып жатқанын айтты.

Бұл қасірет Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған екен.
Ал, тоталитарлық жүйенің салдарынан орын алған ашаршылық салдарынан тек Қазақ елі ғана емес, Украина, Беларусь, Молдова және Ресей тұрғындары да зардап шекті. Тек Қазақстанның өзінен 1992 жылы құрылған Парламенттік комиссияның қорытындысы бойынша, 1931-1933 жылдары ашаршылықтан қырылған қазақтардың саны 2 млн 300 мың адам делінді. Этнос өкілдерінің саны 200 мың адамды құраған. Бұл оқиғалар халық жадында мәңгі сақталмақ, – деді басқарма басшысы Мира Қазбекова.

Конференция барысында қоғам қайраткері, «Темірбек Жүргенов» атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәпен Аңсат «Ұлт зиялыларын ұлықтау – елдіктің белгісі», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Жұмабайұлы Оразбақов «ХХ ғасырдың І-ші жартысында Сыр өңіріне депортацияланған халықтар», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағат Тамшыбайұлы Тайман «Архив құжаттарындағы түркістандық әскери тұтқындардың тағдыры», Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Жанат Амангелдіқызы Абзалиева «Ұжымдастыру науқаны және ашаршылық ақиқаты архив кұжаттарында», Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Жұмаділдәұлы Батырбеков «Саяси репрессия мен ашаршылық тақырыбының қазақ баспасөзіндегі көрінісі» тақырыптарында баяндамаларын оқыды.

Шара соңында конференцияға қатысушылар тарихи датаның мән-маңызы туралы өскелең ұрпаққа жеткізіп отыру азаматтық парызымыз дей келе, жас ұрпаққа ұлттық тарихи жадыны қалыптастыру маңыздылығы туралы өз ой-пікірлерін жеткізді.

«Бір конференция аясында халқымыздың басына түскен нәубет-зобалаңды түбегейлі қарастыру мүмкін емес. Бұл бағыттағы кешенді іс-шаралар өзінің қисынды мәресіне жеткенше әлі жалғаса береді. Бұл баршамыздың ортақ мүддеміз», – деп қорытындылады Мира Жомартқызы.

Тағы да оқыңыз: