Kyzylorda-news.kz. Синоптиктер Қазақстанда 9-10 қаңтарда аяздың беті қайта бастайды деп болжады.

“Қазақстанның басым бөлігіне циклон жырасы әсер етеді. Соған байланысты өңірлерде ауа температурасы көтеріледі, оңтүстік өңірлерде температура бір градустан жоғары болады. Республиканың басым бөлігінде аздаған боран соғып, қар жауады, оңтүстікте жауын-шашын болады. Кей жерде тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді”, – делінген Қазгидромет ақпаратында.

9 қаңтарда республиканың батысында, солтүстік-батысында және күндіз солтүстігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен кей жерде қар жауады. Кей жерде тұман түсіп, жел күшейеді, батыста көктайғақ болып, шаңды дауыл тұрады.

Батыс Қазақстан облысының кей жерінде тұман, көктайғақ, бұрқасын болады, жел 15-20 м/с-ге дейін күшейеді.

Қостанай, Солтүстік Қазақстанда, күндіз Ақтөбе, Ақмола облыстарының кей жерінде бұрқасын болуы мүмкін, 15-20 м/с-ге дейін жел соғады. Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысының кей жерінде тұман түседі.

Маңғыстау облысының кей жерінде шаңды дауыл тұрады, жел 15-20 м/с күшейеді.

Жамбыл облысында кей жерде тұман түседі, күндіз жел күшейеді. Түркістан, Атырау, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерінде тұман түсіп, күндіз жел 15-20 м/с-ге дейін күшейеді.

Түнде Алматы облысының кей жерінде қатты аяз болады.

Нұр-Сұлтанда 9 қаңтарда түнде ауа температурасы -27…-29 градусқа дейін төмендейді. Күндіз айтарлықтай жылынады – термометр бағаны -13…-15 градусты көрсетеді. 10 қаңтарда күндіз ауа температурасы -7…-9 градус болады. Қар жауып, желдің күші 7-12 м/с дейін жетуі мүмкін.

Алматыда 9 қаңтарда түнде -14…-16 градус аяз болады, ал күндіз -6…-8 градус болады. 10 қаңтарда түнде ауа температурасы -12…-14 градусқа дейін түседі, күндіз -1…-3 градус болады.

Шымкентте демалыс күндері ауа температурасы бір градустан жоғары болады. 9 қаңтарда күндіз +1…+ 3 °C, түнде -9..-11 градус болады. 10 қаңтарда ауа райы ашық болып, күн жылынады. Күндіз термометр +7…+9 градусқа дейін көтеріледі, ал түнде -5…-7 °C болады.

Тағы да оқыңыз: