Kyzylorda-news.kz. Елімізде 6,5 млн астам бала мемлекет есебінен сақтандырылған және МӘМС жүйесінде барлық қажетті медициналық көмектерді тегін ала алады. Балаларды қорғау күні әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында балалар медицинасын қаржыландыру туралы айтылды.

18 жасқа дейінгі барлық балалар халықтың жеңілдік берілген санатына кіреді, сондықтан мемлекет есебінен сақтандырылады. Әрбір бала үшін мемлекет ай сайын 2 989 теңге мөлшерінде жарна төлейді. Қордың мәліметінше, қазіргі уақытта МӘМС жүйесінде 6 млн 549 мың бала сақтандырылған. Осының арқасында кішкентай азаматтар МӘМС пакетінде медициналық көмектің кеңейтілген тізіміне қол жеткізе алады. Қор барлық қажетті бағыттар бойынша балалар денсаулығын қаржыландыруға ерекше көңіл бөледі.

Туғаннан бастап қамқорлық

Бала туылғаннан бастап аурудың алдын алуға және балалар денсаулығын нығайтуға маңызды рөл беріледі. Биылғы жылы нәрестелердің психофизикалық дамуын бағалау және неонаталдық скринингтер өткізуге қосымша қаражаттар бөлінді. Жалпы, 2021 жылы МӘМС жүйесінде туғаннан бастап 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруді жүргізуге 12 млрд теңге бөлінді.

Қаңтар-сәуір айларында балаларға 3,6 млрд теңгеге скринингтік зерттеу жүргізілді.

Жалпы ауруларды және даму бұзылыстарын уақтылы анықтау үшін профилактикалық тексерулермен 4,4 млн бала, скринингтермен 900 мыңнан астам бала қамтылды. Ерте жастағы балаларды күту мәселелері бойынша кеңес беру үшін 523 баланы дамыту кабинеті ұйымдастырылды.

Тіс емдейміз

МӘМС жүйесі 18 жасқа дейінгі балаларға тістерін шұғыл түрде де, жоспарлы түрде де емдеуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда олар стоматологиялық көмектің келесі түрлерін ала алады:

– тісті жансыздандыру және жұлу;

– пломба салу;

– абсцесстерді ашу;

– пульпит, периодонтитті емдеу;

– гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалдық қалпына келтіру;

– еріндер мен тілдердің пластикасы;

– ренгенография;

– ортодонтиялық қызметтер: жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (жырық таңдай) болған кезде.

Егер сіздің балаңызға тіс дәрігерінің көмегі қажет болса, онда сіз өзіңіздің емханаңызға да, қордың әлеуетті жеткізушісі болып табылатын жеке стоматологияға да жүгіне аласыз. Олардың тізімін сайттан көруге болады fms.kz «медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімінде – «КДУ қызметін жеткізушілер».

2021 жылы балаларға туа біткен патологиялар кезінде ортодонтиялық көмек көрсетуге 3,5 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. Стоматология қызметтерін жоспарлы түрде қаржыландыруға (балалар мен жүкті әйелдер үшін) 14,2 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған.

Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша балаларға 7,3 млрд теңгеге стоматологиялық қызмет көрсетілді.

Мектеп табалдырығынан

Медициналық сақтандыруды енгізумен бірге мектеп медицинасы да жаңа қарқынмен дами бастады (өз дамуын алды). Ол мектеп және мектеп жасына дейінгі балаларға медициналық көмек көрсетуіне бағытталған. Оған тікелей мектепке дейінгі және орта оқу орындарында профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу, аурулардың алдын алу, вакцинация және балалар денсаулығын қорғауға және нығайтуға бағытталған басқа да іс-шаралар кіреді.

Қаңтар-сәуір айларында мектеп медицинасының қызметі 6,3 млрд теңгеге көрсетілді. Жалпы, 2021 жылы мектеп медицинасына 22,5 млрд теңге қарастырылған.

Айта кету керек, мектеп медицинасын қаржыландыру 2,6 есеге артты. МӘМС шеңберінде 2019 жылдан бастап оқушыға арналған қосымша жан басына шаққандағы норматив енгізілді, ол қазір 1,7 есеге ұлғайды. Медициналық кабинеттердің жарақтандырылуы 2017 жылғы 52% – дан 2020 жылы 70% – ға дейін жақсарды. Дәрігерлермен қамтылу 16% – ға артты. Кешенді тексеру, алдын алу және емдеу үшін 367 мектеп стоматологиялық кабинеті ашылды.

Сиқырлы таблеткалар

МӘМС жүйесі балаларды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді көздейді. 65 нозология бойынша, оның ішінде орфандық аурулар, жүйке жүйесі, қан айналымы жүйесі, тірек-қимыл аппараты аурулары, дамудың кідірістері бойынша 244 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Ал ТМККК шеңберінде балалар 35 ауру бойынша 274 препаратпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі, оның ішінде онкология, оның ішінде қатерлі ісіктер, қанның ұю факторларының тұқым қуалайтын тапшылығы, аутоиммундық аурулар және иммун тапшылығы жай-күйі және т. б. үшін өзінің учаскелік дәрігеріне немесе педиатрынан дәрілік препараттарды алу қажет.

Сонымен қатар, балаларға жоғары технологияларды қолдана отырып, шұғыл және жоспарлы қымбат операциялар тегін жүргізіледі. Неонаталдық хирургия дамуда, жыл сайын туа біткен даму кемістігі бар нәрестелерге 1000-нан астам операциялық араласулар жүргізіледі, олардың тиімділігі 88,5%-ды құрады. Жылына 2 000-нан астам кардиохирургиялық ота туа біткен жүрек ақауы бар балаларға жасалады, оның 77,0%-ын өмірінің бірінші жылындағы балалар құрады, бұрын бүлдіршіндерді тек шетелге жіберген. Ашық жүрекке жасалатын операциялардың тиімділігі 95%–ды, эндоваскулярлық араласулардың тиімділігі 99,5%-ды құрады.

Сондай-ақ, кішкентай пациенттер медициналық оңалтуға сене алады, ал ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін Қор Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қорымен жүзеге асырылатын «Қамқорлық» оңалту бағдарламасын қаржыландырады. Елімізде 34 оңалту орталығы жұмыс істейді, оның 3-і республикалық деңгейде.

МӘМС жүйесін енгізу шеңберінде балаларды оңалтуды қаржыландыру бір жылда екі есеге дерлік ұлғайды. Бұл төсек-орын қорын 45,6% – ға кеңейтуге мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерінің қолжетімділігін 22% – ға жақсартты. Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі балалар УДЗ, рентген, КТ және МРТ, ЭКГ тегін өтеді, қажетті талдауларды тапсырады және қажет болған жағдайда басқа консультациялық-диагностикалық қызметтерді алады. 2021 жылдың 4 айында МӘМС жүйесіндегі балаларға 18,5 млрд теңге сомасына аталған қызметтер көрсетілді. Консультациялық-диагностикалық қызметтерді алу үшін өзіңіздің емханаңыздағы учаскелік дәрігерге хабарласыңыз.

Егер қандай да бір себептермен сіздің балаңыз сақтандырылмаған болса немесе сізге балаға қажетті медициналық көмек көрсетуден бас тартылса, әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына келесі байланыс арналары арқылы хабарласуыңызды сұраймыз: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы, Telegram-дағы SaqtandyrýBot, сайт fms.kz.

Тағы да оқыңыз: