Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шараларды Ортсайлауком мүшесі Ерлан Дауылбаев баяндады.

Ерлан Дауылбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізуді қамтамасыз ету Орталық сайлау комиссиясына және Республикалық маңызы бар қалалық комиссияға жүктелетінін айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына оның аумағында соңғы 10 жыл тұрақты тұрып жатқан, жиырма бес жасқа толған, бәсең сайлау құқығына ие, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы жоқ, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін соттылығы жоқ Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы Ассамблея Кеңесіне тиесілі.

Кандидаттарды ұсыну бір ай бұрын – ағымдағы жылғы 11 желтоқсанда басталады және сайлауға жиырма күн қалғанда – ағымдағы жылғы 22 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.

Кандидаттарды тіркеу, егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, жиырма күн – ағымдағы жылғы 22 желтоқсанда басталады және сайлауға он бес күн қалғанда – ағымдағы жылғы 27 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.

Сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады, яғни 27 желтоқсанда сағат 18.00–ден басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күні – 2021 жылғы 10 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында өткізіледі.

Тағы да оқыңыз: