Қазалылық кәсіпкерлер шылаушын өсіріп жатыр – Kyzylorda News
Басты бет

Қазалылық кәсіпкерлер шылаушын өсіріп жатыр

06.10.2021, 11:00

441 0

Kyzylorda-news.kz. Қазалыда «Қазалы Агро KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан бойынша жаңа кәсіп түрін қолға алған. Атап айтар болсақ, қазалылық 4 азамат бірігіп, құрт өсіріп жатыр.

Құрт өсіру дамыған елдерде кең танылған кәсіп болғанымен, елімізде шылаушынды пайда табу мақсатында өсіретіндер саусақпен санарлық.

Бүгін кәсіптің жаңа түрімен айналысуды қолған алған азаматтармен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдады.

Шылаушын өсірудің шығыны аз, кірісі мол, қоршаған ортаға зияны жоқ, пайдасы бар, топыраққа да, өсімдікке де залалы келмейтін кәсіп түрі екенін аудан басшысына Сәбит Аралбаев айтып берді.

«Біз өсіріп жатқан құрттардың аты «калифорниялық қызыл құрт» деп аталады. Бұл құрттардың жейтін тағамы – органикалық қалдықтар. Ағаштан түскен жапырақ, төрт түлік малдың қиымен көректенеді. Бұл қалдықтар сатылмайды, тегін. Кез келген жерден табуымызға болады. Қызыл құрттар осы қалдықтарды жеп, ішінен өңдеп, бізге биологиялық тыңайтқыш жасап береді. Биологиялық тыңайтқыш дегеніміз – өсімдіктердің өсуіне өте қажет зат. Мұны топыраққа сеуіп, шашатын болсақ, егістіктің өсуін 2-3 есе күшейтеді. Егін шаруашылығымен айналысатын адамдар қызыл қүрт өндіріп шығарған тыңайтқыштарды сатып алады. Егістігі мол түсім бермей жүрген диқандар биотыңайтқышты топырағына сеуіп, мол өнім алып жатады. Жер тұзданып, құрғаса, осы тыңайтқышты себеді. Жер тыңайып, топырақ құнарланып, өнім молаяды. Бұл 100 пайыз көмектеседі. Органикалық тыңайтқыштың 1 литрі 80 теңгеден сатылып жатыр», – дейді кәсіпкер.

Сол сәтте кент іргесіндегі құрт өсіретін аумаққа Қызылорда қаласынан «Газель» автокөлігімен арнайы келген азаматтар органикалық тыңайтқыштарды тиеп алып кетті.

Құрт өсіруді қолға алған азаматтар алдағы уақытта 15 гектар аумақтан жылыжай салып, жасыл желекті жайқалта өсіргісі келеді. Ол үшін бұл араға ауыз су мен аяқ су және жарық әкелу қажет. Кәсіпкерлер аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа осы жағынан көмек беріп, қолдау көрсетуін сұрады.

Өз кезегінде аудан басшысы Мұхтар Оразбаев кәсіпкерлерге көмек көрсету жолдарын қарастыруды тиісті сала басшыларына тапсырды.

0

Пікір қалдыру