Қазалыда үздік жастар марапатталды (ФОТО) – Kyzylorda News
Басты бет

Қазалыда үздік жастар марапатталды (ФОТО)

25.12.2019, 11:00

735 0

Kyzylorda-news.kz. Қазалыда «Тәуелсіз елдің болашағы – жастар» атты аудандық жастар форумы өтті. Онда 2019 жылдың қорытындысы бойынша жылдың үздік жастары арнайы номинациялармен марапатталды.

Салтанатты жиында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жастардың басын қосқан форум олардың әрі қарай да өсіп, өркендеп, дамуларына қажетті импульс береді деген сенім білдірді.

«Жастар елдің заманауи бет-бейнесін қалыптастырып, жаңа идеяларды ұсынуға және Қазақстанды жаңартудың негізгі қозғаушы күші болуға тиіс. Осы мақсатта бүгін ауданымыздағы әр саланың үздіктері мен белсенділері бас қосып отыр. Бұл форум – аудан жастарының басын қосып қана қоймай, өзара танысу, ойларыңызбен бөлісу алаңы. Ол – жастар үшін баға жетпес тәжірибе. Ауданымызда жастар жылы аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Оның ішіндегі ең ауқымдысы республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Ғ.Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығын айтуға болады. Жастар және жастар ұйымдарының белсенділігі күннен-күнге артуының өзі – өңірімізде мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру мақсатында атқарылып жатырған жұмыстардың жемісі. Осындай еліміз үшін маңызды және жауапты кезеңде Сіздер де өз үлестеріңізді қосатындарыңызға сенімдімін», – деген Мұрат Ергешбаев бірқатар жастарды арнайы номинациялармен марапатталды.

Арнайы номинацияларға ие болғандардың қатарында үздік жас мұғалім, кітапханашы, өрт сөндіруші, спортшы, салықшы, ерікті сияқты 20-ға тарта мамандық иелері бар.

Сондай-ақ, аудан әкімі Еркін Оразбаев, Нүркен Ботабаев, Нұрлан Алмағамбетов және Сәукен Әлішовке «Жастар жанашыры» номинациясын табыс етті.

Ал, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мастеков жастардың белсенділігін арттыру жолында жанашырлық танытып, әрдайым қолдау көрсеткені үшін Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевты «Жастар жанашыры» номинациясын табыстап, «Ғани Мұратбаев» төсбелгісімен марапаттады.

Мұнан соң, бірқатар белсенді жастар облыстық жастар мәселелері басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Айта кетейік, аудандық форум аясында Қазалы ауданы әкімінің кубогі үшін облыстық жайдарман ойындары өтеді.

0

Пікір қалдыру