Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлерді құрметтеу мақсатында салтанатты жиын өтті.

Жиынға облыстық Тәжік-Ауған шекарасының жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарға қатысушылар Одағының төрағасы М.Орынбайұлы, аудандық Қорғаныс бөлімінің бастығы Қ.Ысқақов, аудан әкімінің орынбасары Ә.Әбиев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы С.Бабанаев, аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Асанова, ержүрек жауынгерлердің аналары мен жұбайлары қатысты.

«Арада 25 жыл өтсе де, тәжік-ауған шекарасында орын алған соғыстың халық жүрегіне салған жарасы, қайғы-қасіреті елдің санасынан өшпек емес. Сол қантөгісте ерлікпен антқа адалдықтарын дәлелдеген алдаспан намысты Қазалының жаужүрек жігіттерінің батырға лайық орны бар. Олар біздің мәңгілік жадымызда. Сіздер Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің лайықты ізбасарлары ретінде жастарға патриоттық тәрбие беруге үлкен үлес қосып келесіздер. Сондықтан да, барша халқымыз жат жерде намысты ту етіп ұстап, ерліктің үлгісін көрсеткен ардагерлерге әрқашанда тағзым етеді. Елдікті құрметтеу, батырлықты дәріптеу, боздақтар рухын еске алу әрдайым азаматтық міндетіміз болып қала береді», – деді аудан әкімі.

Жиын барысында аудан әкімі М.Ергешбаев қазалылық ардагерлерді «Алаш батыры», «Қазақ батыры» төсбелгілерімен марапаттады. Сонымен бірге, осындай ерліктің нышаны бола білген батырларды тәрбиелеп, өсірген аналарға және олардың жұбайларына да құрмет көрсетіліп, «Ана жүрегі» төсбелгісі табысталды.

Айта кетейік, 2020 жылғы 6 мамырда қабылданған «Ардагерлер туралы» Заңға және Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес, міндеттерін мүлтіксіз орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері барлық жеңілдіктері сақтала отырып, ардагерлер санатына енгізілген болатын.

Тағы да оқыңыз: