Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында құрылыс саласы қарқын алып келеді. Биылғы жылы ауданда 9 нысан құрылысы жүргізілуде.

Бұл 9 ғимараттың 3-і өткен жылы басталса, қалған 6 нысан биыл қолға алынған. Бұл жобаларды іске асыруға 1 371,1 млн теңге бөлінген. Бүгінгі күні 5 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба құны 75,9 млн теңгені құрайтын Әйтеке би кентіндегі жалға берілетін 1 қабатты 4 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы ел игілігіне берілді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешені құрылысына ұлттық қор есебінен 194,2 млн теңге бөлінген.

Сонымен қатар облыстық құрылыс басқармасы тарапынан аудандық маңызы бар 4 жоба жүзеге асуда. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан нысандардың бірі 600 орындық мәдениет үйі құрылысы. Бұл жобаның құны – 948,2 млн теңгені құрайды. Облыстық бюджеттен 2019 жылы 465,8 млн теңге, 2020 жылы 360,420 млн теңге, 2021 жылға 98,0 млн теңге қаржы бөлінген рухани ошақ биыл тамыз айында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ биыл желтоқсан айында Әйтеке би кентінен 250 келушіге арналған емхана тұрғындардың игілігіне беріледі деп күтілуде. Оған қоса, кент орталығындағы 250 орындық мектеп ғимараты бой көтермек. Жаңа ғимаратқа 982,5 млн теңге қаржы қаралды. Бұл нысан бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде құрылысын бастауға ұлттық қор есебінен 471,7 млн теңге қаржы бөлінсе, қазіргі мемлекеттік сатып алу конкурсы жүруде.

Сонымен қатар Әйтеке би кентінде №226 мектеп-гимназиясына қосымша спорт зал салу жобасы бойынша 125,3 млн теңге қаралды. Білім ордасының қосымша құрылысын қаржыландыруға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2021 жылға республикалық бюджеттен 128 млн теңге, облыстық бюджеттен 11,3 млн теңге бөлініп, игерілуде. Нысан жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады.

«Мәдениет үйі, емхана құрылысы мен гимназияға салынып жатқан қосымша спорт зал құрылысын жыл ішінде беру жоспарланса, 250 орындық мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі нысан болып ­табылады», – дейді аудандық құрылыс бөлімінің мамандары.

Тағы да оқыңыз: