Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын шағын қалаларды дамыту мақсатында «Шағын және моноқалалардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» бағдарламасымен бюджеттен бөлінген қаржыға инфрақұрылым желілері жүргізіліп, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына себепші болуда.

Бүгінгі таңда республика бойынша моноқалалардың қатарына жататын Қазалы қаласының көшелеріндегі электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласына арнайы барып, электр желілерін жаңғырту жұмыстарын көрді.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықов мердігер мекеме «Теплоэнергострой» қаладағы Ү.Түктібаев, Ж.Жабаев, Ш.Уәлиханов, Бекетай би, Қорқыт Ата, Бұлақбаев, Ы.Алтынсарин, Жалаңтөс батыр, Жанқожа батыр, Қазалы, Қ.Рысқұлбеков, Жәкеев, Шляпин көшелеріне 457 бағана орнатып, 27 шақырымды құрайтын жаңа электр желілерін тартатынын жеткізді.

Сондай-ақ, 4 трансформатор қондырғылары орнатылып, іске қосылатынын тілге тиек етті.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларына электр желілерін жаңғырту жұмыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: