Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова Қазалы ауданына іссапармен келіп, бу қазандығы жарылған Тасарық ауылындағы №238 мектепке арнайы барды.

Балжан Мөрәліқызы апаттық жағдай орын алған жерде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова және сала мамандарымен бірге мәселені шұғыл арада реттеу жолдарын қарастырды.

Мектеп ғимараты қатты отын қолданылатын 2 жылу қазандығы арқылы жылытылады. Жылу қазандықтары мектеп ғимаратынан 50 метр қашықтықта бөлек ғимаратта орналасқан. Қазір ахуалға жан-жақты талдау жүргізіліп жатыр. Жылыту жүйесіне қажетті қадамдар жасалып, жылу жүйесін резервтік қорлар арқылы қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Айта кетейік, апаттық жағдай орын алған мектепте оқу процесі тоқтамайды. Ол үшін жылу қазандығы толық қалпына келтіру мерзіміне дейін ғимараттың бір блогына қосымша жылу қосылып, оқушыларды екі ауысыммен оқыту жолдары қарастырылуда. Ең бастысы, балаларға келетін қауіп жоқ, оқушылардың қауіпсіздігі толықтай сақталады. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ.

Тағы да оқыңыз: